FlyArystan Қарағанды әуежайында база ашады

1406

Базаны 2020 жылдың І жартысында ашу жоспарланған.

FlyArystan Қарағанды әуежайында база ашады

FlyArystan отандық лоукостері Қарағанды әуежайында база ашады. Ол компанияның еліміздегі екінші базасы болмақ. Біріншісі Алматыда жұмыс істейді, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

Әуе компаниясының ұшақтары Қарағандыда, "Сарыарқа" әуежайында орналасады. Бұл дегеніміз, облыс орталығынан әр түрлі бағыттар бойынша, соның ішінде халықаралық бағыттар бойынша 12 рейс іске қосылады дегенді білдіреді. Әуе кемесіне қызмет көрсету және жанармай құю да Қарағанды әуежайының базасында жүзеге асырылады. 

"Біз базаны 2020 жылдың бірінші жартысында ашуды жоспарлап отырмыз. Бастапқыда онда әрқайсысы эконом-класты 180 орынға арналған екі борт орналасады. Маршруттар әлі анықталған жоқ. Бағыттарды қарағандылықтардың тілектерін ескере отырып, таңдағымыз келеді. Ұсыныстарды зерттеу үшін Instagram-да арнайы аккаунт ашамыз", ­–  деді Air Astana АҚ қаржы жөніндегі басқарушы директоры. 

Оның айтуынша, базаның ашылуы Қарағандыда 120 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Әуекомпания бортсеріктерді, ұшқыштарды, инженерлер мен жердегі қызмет көрсету қызметкерлерін қабылдайды. 

Қазір Қарағанды әуежайында ангарлар жөнделеді және лоукостер базасын орналастыруға дайындық бойынша басқа да техникалық жұмыстар жүргізілуде. 

Естеріңізге сала кетейік, Қарағандыдан FlyArystan әуекомпаниясының алғашқы рейсі осы жылдың екінші мамырында жүзеге асырылды. Қазір әуе рейстері Қарағандыдан Алматыға және кері бағытта күнделікті қатынауда. Билеттің ең төменгі бағасы – 5 999 теңге. Бұл сомаға ұшу және қол жүгін тасымалдау кіреді. Қосымша ақы үшін жолаушыларға борттық тамақ, багаж тасымалдау және басқа да қызметтер ұсынылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу