FlyArystan әуекомпаниясы Алматы мен Нұр-Сұлтаннан Таразға қатынауды тоқтататынын мәлімдеді. Компания қайта ұшуды экономикалық тұрғыдан пайдалы бағдарлардан бастамақ.
Естеріңізге сала кетсек, Алматы-Тараз-Алматы бағыты бойынша лоукостер 2019 жылдың мамырында, ал былтыр қазаннан бастап қатынай бастаған еді. Осылайша FlyArystan ұсына бастаған қолжетімді әуеқатынастың арқасында, өткен жылдың 4-тоқсанында Әулие-Ата әуежайының жолаушылар саны 673% өсті.
Әуетасымалдаушының ойынша Тараз – сұранысы жоғары бағдарлардың бірі, себебі Жамбыл облысының бас қаласына 2019 жылдың мамырынан бастап 143 000 жолаушы сапарлап, борттың орташа жүктеме коэффициенті 91% құраған екен. Ал FlyArystan операциялық жұмысын атқара бастағалы сапар шеккен жолаушының 75% билеттерін 10 000 теңгеге дейінгі бағаға алып, саяхаттаған.
"Тараз нарығы бағаның өзгеруіне осал болып келеді, тұтынушының саяхат үшін төлеуге дайын бағасы әуетасымалдаушының рейске байланысты негізгі шығындарын өтемейді",– деп жазылған компанияның хабарламасында.
Яғни Тараз-Алматы сияқты қысқа аймақтық рейстер үшін төленетін әуежай қызметтерінің құны барлық шығынның 1/3 бөлігін құрайды екен.
Дегенмен FlyArystan келешекте Тараздан/Таразға қайтып оралуды қарастыруға дайын, бұл экономикалық жағдайдың өзгеруіне тікелей байланысты болмақ.
Тараздан/ға билеттерді flyarystan.com сайтынан немесе лоукостердің байланыс орталығы арқылы сатып алған жолаушыларға толық билет құны автоматты түрде қайтарылады (әуекомпанияға хабарласудың қажеті жоқ). Билет агенттікте (касса, турфирма, онлайн-агентсттік немесе басқасында) сатып алынған болса, онда билет алған жерге хабарласу керек.