Фонограмманы толық тыйым салу мүмкін емес – вице-министр

208

Мәдениет мекемелеріне концерттік ұйымдар ғана жатпайды. 

Фонограмманы толық тыйым салу мүмкін емес – вице-министр Фото: freepik

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев фонограммаларға тыйым салуға қатысты құзырлы министрліктің ұстанымын сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сенатта "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң қаралды.  Мәдениет саласында бірқатар өзгерістер енгізу көзделіп отыр.

Соның бірі – телевизиялық жазбалар мен концерттік ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге бейімделмеген орындарды қоспағанда, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылардың концерттік іс-шараларды өткізуі кезінде дауыстық фонограммаларды пайдалануын шектеу.

"Мәжіліс депутаттары фонограммаға тыйым салу мақсатында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске жаңа норма кіргізіп отыр. Бұл жерде 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Бұл тыйымды жергілікті атқарушы органдар қадағалайтын болады", – деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, заңда ширататын мәселелер бар.

"Заңның ішіндегі кейбір нормалар арасындағы қарама-қайшылықтар да жоқ емес. Біздің заңгерлеріміз де оны айтып жатыр. Менің жалпы бір сұрағым бар. Фонограмманы барлық іс-шараларда, концерттерде қолдануға тыйым салу керек пе әлде тек қана үлкен іс-шараларда фонограммаларды пайдалануға рұқсат бермеу керек пе? Министрліктің ұстанымы қандай?", – деп сұрады Сенат спикері.

Вице-министр фонограмманы толық тыйым салу мүмкін емес екенін жеткізді.

"Себебі мәдениет мекемелері тек қана концерттік ұйымдар емес, сонымен қатар фонограмманы пайдаланатын театрлар да бар, цирктер де бар. Сол себепті біз ара-жігін ажырату үшін концерттік мәдени-бұқаралық іс-шара деп бөлдік. Бірінші кезекте бұл тек қана концерттік іс-шараларға қарастырылатын болады. Мәдени-бұқаралық іс-шаралар дегеніміз 200-ден астам адамның қатысуымен өтетін іс-шаралар. Сол себепті бұл норма осындай кезде пайдаланылатын болады", – деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу