Құрылтайшысы әлемдегі ең ауқатты 20 адамның қатарына кіретін "Adani" компаниясы Құрық портын кеңейту жобасына инвестиция салуға ниетті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Жақын арада қол қойылатын жобалардың арасында Ақтөбе қаласындағы ядролық медицина орталығы мен Құрық порты ерекше аталып өтілді.
"Құрық портын кеңейту жөніндегі жобаға келер болсақ, Үнді елінің компаниясымен де құжатқа қол қойып жатырмыз. Шығыс Қазақстандағы литий кен орнын игеруге бағытталған үлкен жоба тағы бар. Алматыдағы автокомпонеттерді өңдейтін жаңа зауыт жобасын да айтуға болады. Ауыл шаруашылығында "Алматы жемістері" деген жаңа жоба ашып жатырмыз", – деді Алмас Айдаров.
Жалпы жиыны 25 құжатқа қол қойылады. Олардың ішінде жаңа жобалар да жетерлік. Дегенмен СІМ өкілі Құрық портын кеңейту жобасына кеңірек тоқталуды жөн көрді.
"Мысалы, Құрық порты бойынша Үнді елінің "Adani" деген үлкен компаниясы инвестиция салмақшы. Оның иесі – Forbes тізімінде бар адам. Олар Қазақстан нарығына енді еніп отыр, жақында меморандумға қол қояды. Ал кейбір жобалар 12 жылдың көлемінде іске асырылып жатыр. Олар бойынша да келісімдер жасалады. Сатып алу келісімдері де бар. Литий кен орны осы бағытта іске асады", – деді Алмас Айдаров.
Вице-министрдің айтуынша, Құрық портын кеңейтуге инвестиция салуға ниетті "Adani" компаниясы Үнді еліндегі логистикалық нарықтың 30 пайызын қамтиды.
"Олар Қазақстан аумағында бірнеше жобаға қызығушылық танытып отыр. Мысалы, Астана әуежайын атап өтуге болады. Онымен қоса Құрық портына да терминал салуға ынталы. Себебі Ресей арқылы өтетін жүк тасымалдау қиындап жатқанына байланысты Каспий арқылы Әзербайжанға, Грузия арқылы Қара теңізге шығатын маршрутқа ақша салмақшы", – деді вице-министр.