Ондағы қор 13 млрд тоннадан асады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев айтып отыр. 2030 жылға қарай Жамбыл облысында премиум маркалы фосфор тыңайтқыштарын жылына 1 млн тоннаға дейін өндіруді жоспарлаған.
– Облыс экономикасының 19% үлесі өнеркәсіп өндірісіне тиесілі, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі секторының үлесі – 65,4%. Жыл басынан бері 727,8 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді. Өңдеу өнеркәсібі бойынша негізгі өсімді химия және құрылыс индустриясы қамтып отыр. Еліміздің жалпы химия саласы өнімінің шамамен 24%-ы біздің облыста өндіріледі. Химия кәсіпорындары республика бойынша 100% фосфор, 81% минералды тыңайтқыштар шығарады. Облыста 13 млрд тонна қоры бар 48 фосфорит кен орны шоғырланған, – деді ол.
Ербол Қарашөкеев айтуынша, құндылығы жоғары өнімдерді өндіру көлемі артады. Тіпті, көлемді инвестиция тарту туралы жоспар бар.
– 2030 жылға қарай тыңайтқыштардың премиум маркалары (суда еритін фосфор тыңайтқыштары) мен құндылығы жоғары өнімдерді жылына 1 млн тоннаға дейін өндіруді жоспарлап отырмыз. Бұл жобалар аясында өңірге 1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылады, – деп сөзін жалғастырды облыс әкімі.