Францияның France 2 телеарнасы "Singer-2017" ән байқауында бақ сынап жатқан Димаш Құдайбергеннің Қытай еліндегі танымалдығы жөнінде репортаж жасады, деп хабарлайды 24.kz.
"Сіз мына керемет дауысты естіп тұрсыз ба? Бұл ғажап дауыс иесінің есімі – Димаш. Бүгін біз осы жас жігіт туралы және оны Қытайда соншалықты танымал еткен әлеуметтік желілер жөнінде әңгіме қозғаймыз", – деп бастайды сөзін Франция телеаудиториясының 40 пайызын қамтып отырған таңертеңгілік бағдарламаның жүргізушісі. "Ол Даниэль Балавуанның өте күрделі әнін орындады. Осы үшін оған медаль табыс ету қажет", – деп әзілдеді жүргізуші.
Француз бағдарламасында Димашты өте көрікті, түр әлпеті қытайға ұқсайды деп сипаттады. Репортажда: "Димаш Құдайбергеннің ұлты қазақ, ол қытай тілінде сөйлемейді", – деп айтылады. Бірақ соған қарамастан Weibo-дағы (Қытайдағы Твиттердің баламасы) оның оқырмандарының саны 3 миллионға жетіп жығылады.
Жалпы Димаш ән орындаған видеоны әлеуметтік желіде 1,5 млрд адам тамашалаған. Еске сала кетейік, Димаш Құдайберген "Singer 2017" жобасының 10-кезеңінде үшінші орынға ие болып, байқаудың финалына жолдама алған болатын.