Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Француз даму агенттігінің Қазақстан аумағындағы бірнеше зерттеу жұмыстарына грант бөлетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Бірінші грант – денсаулық сақтау саласындағы грант. Бұл грант қазіргі күнде мақұлданған. Екінші грант – Халықаралық Аралды құтқару қорына берілетін грант. Бұл грант та мақұлданған. Үшінші грант – су шаруашылығы саласындағы грант. Оның мақсаты – Балқаш көлінің шеңбер планын әзірлеу. Қазіргі таңда Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Француз даму агенттігі арасында белсенді талқылау жүргізіліп жатыр. Сондықтан бұл грант әлі мақұлданған жоқ. Яғни, үш гранттың екеуі мақұлдаған, – деді ол Сенат отырысында.
Келісімнің ережесі бойынша бұл гранттар зерттеулерге бағытталады және ол зерттеулерге француз сарапшылары тартылады. Кейбір гранттарға қазақстандық сарапшылар да тартылуы мүмкін.