Франция мен Жапония ғалымдары химия саласындағы Нобель сыйлығын иеленді

362

Ғалымдар ғасырдан астам уақыт бойы шешімін таппай келген химиядағы жұмбақтың сырын ашқан.

Франция мен Жапония ғалымдары химия саласындағы Нобель сыйлығын иеленді Фото: x.com/nobelprize

2026 жылғы Нобель сыйлығы химия бойынша асимметриялық органикалық синтез саласындағы жаңалықтары үшін француз ғалымы Анри Каган мен жапон ғалымы Кенсо Соаиге берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Нобель комитеті бұл шешімді 7 қазанда, сәрсенбі күні Стокгольмде жариялады. Париж-Сюд университетінің ғалымы Анри Каган мен Токио ғылым университетінің зерттеушісі Кенсо Соаи "асимметриялық органикалық синтездегі бейсызық әсерлер мен автокатализді ашқаны үшін" марапатталды.

Нобель комитетінің сарапшыларының айтуынша, ғалымдар ғасырдан астам уақыт бойы шешімін таппай келген химиядағы жұмбақтың сырын ашқан. Мәселен, кейбір молекулалар, соның ішінде аминқышқылдары, бір-бірінің айнадағы бейнесіндей екі формада болады. Бірақ тірі ағзаларда олардың бір ғана түрі қолданылады.

1986 жылы Каган химиялық реакцияларды басқарудың жаңа тәсілін ашып, молекулалардың айнадағы бейнесіндей екі формасының бірін көп мөлшерде алуға жол ашты. Бұған дейін мұндай нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес деп есептелген.

1995 жылы Соаи тарихта алғаш рет молекулалардың айналық пішіндерін өздігінен тудыра алатын химиялық реакция әдісін жариялады. 2003 жылы ғалым осындай реакцияны жүзеге асырып, табиғатта ғана түзілетін молекуланың осы ерекше пішінін зертханада алуға қол жеткізді.

2025 жылы химия саласындағы Нобель сыйлығын жапон ғалымы Сусуму Китагава, австралиялық Ричард Робсон және иорданиялық америкалық ғалым Омар Яги иеленді. Олар металлорганикалық тірек құрылымдарды әзірлегені үшін марапатталды.

Нобель сыйлығының ақшалай мөлшері 12 миллион швед кронына немесе шамамен 1,06 миллион еуроға (544 миллион теңгеге жуық) тең.

Әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері 8 қазанда анықталады. Ал 9 қазанда Ослода Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты белгілі болады. Сонымен қатар 12 қазанда Альфред Нобель атындағы экономика саласындағы сыйлық иегері жарияланады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу