Франция Президенті Эммануэль Макрон Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесіп, Украинадағы соғысты талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы "УНИАН" ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Елисей сарайы баспасөз қызметінің дерегінше, Эммануэль Макрон Александр Лукашенкоға "Беларусь пен Украина халықтары арасындағы бауырластық қатынастарды ескере отырып, Беларусь Украинаға қарсы соғыста Ресейдің вассалы және нақты серіктесі болудан бас тартуға түрткі болуы керек", – деп айтқан.
Пул первого Telegram-каналының мәліметінше, Беларусь президенті Эммануэль Макронмен Еуропаның болашағы, Украинадағы соғысты, Беларусь-Ресей қатынастарын және Беларусьте ядролық қаруды орналастыру мүмкіндігін талқылаған.
"Әңгіменің едәуір бөлігі Еуропа болашағы мен ондағы Беларусьтің орнын талқылауға арналды, әрі Беларусь пен Ресей арасындағы қарым-қатынастар туралы айтылды", – деп жазылған хабарламада.
Александр Лукашенко Беларусьте ядролық қаруды орналастыру туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын атап өтті.
Сондай-ақ ол Ресей-Украина арасындағы бейбітшілік туралы келіссөзді өткізуге дайын екенін мәлімдеді.