Францияда орман өрті Марсель қаласына жақындады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
8 шілде күні елдің Пенн-Мирабо коммунасында басталған өрт Марсельдің солтүстігіне дейін жетті. BFMTV телеарнасының хабарлауынша, өрт сөндірушілер мен бірнеше жергілікті тұрғын жарақат алды.
Марсель тұрғындарына ұялы телефон арқылы үйден шықпау туралы ескерту жіберілді.
Өрт 700 гектардан астам аумақты шарпыған. Прованс – Альпы – Лазур жағалауы аймағының префектурасы Марсель мен Пенн-Мирабода 20 үйдің өрттен зардап шеккенін мәлімдеді.
L'ousteau Mira Bleu қарттар үйінде тұратын 70 адам эвакуацияланды.
Өрт салдарынан төрт адам Марсель ауруханасына жатқызылды. 9 өрт сөндіруші көміртегі тотығынан уланған, ал тағы біреуі өрт сөндіру кезінде иығынан жарақат алған.
Ішкі істер министрі Брюно Ретайо Марсельге барды. Қазір оқиға орнында 720-дан астам өрт сөндіруші мен 220-дан аса техника жұмыс істеп жатыр.
Экс-Марсель Прованс әуежайы уақытша жабылды. Марсель бағытындағы пойыз қозғалысы тоқтатылды. Кейбір тас жолдар да жабылды.