Жаңа тағайындалған премьер-министр Себастьян Лекорню Франция үкіметін жариялағаннан бірнеше сағат өткен соң қызметінен кетті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Соған қарамастан Макрон өзінің жақын жақтасын шақырып, тағы бір мүмкіндік берді.
"Макрон Лекорнюмен кездесіп, оған сәрсенбі күні кешке дейін "елді тұрақтандыру" жоспарын әзірлеуге уақыт берді", – деп хабарлады Елисей сарайы.
39 жастағы Лекорнюдың премьерлік мерзімі Францияның қазіргі тарихындағы ең қысқа қызмет ету кезеңі болып тіркелді – ол небәрі 1 айға да жеткен жоқ.
Президент Эммануэль Макрон С.Лекорнюдан елдегі саяси дағдарысты шешу үшін түрлі партиялармен келіссөздер жүргізуді сұрап отыр. Келіссөздер барысында жаңа үкімет құрудың немесе парламентті қайта таратудың нұсқалары қаралуы да мүмкін.
Франциядағы қазіргі саяси тұрақсыздықтың бастауы өткен жылы Макронның бастамасымен өткен мерзімінен бұрынғы парламент сайлауынан басталды. Президент сол кезде өз реформаларын жүзеге асыру үшін саяси базасын кеңейтуді көздеген еді.
Алайда нәтиже керісінше болды:
- бірде-бір партия парламентте көпшілік орынды ала алмады;
- радикалды оңшылдар ("Ұлттық бірлестік") мен солшылдар ("Жаңа халықтық майдан") көп мандатқа ие болып, Макронмен ынтымақтасудан бас тартты.
Француз сарапшыларының айтуынша, Лекорнюдың отставкасы – жүйенің ішкі дағдарысының көрінісі.
"Францияда саяси механизм тоқтағандай әсер қалдырады. Партиялық бөліну пен қоғамдағы поляризация үкіметті әлсіретті", – дейді париждік саясаттанушы Марк Бертран.