23 сәуір күні Францияда президенттік сайлаудың алғашқы туры өтеді. Елдегі сайлау учаскелері жергілікті уақытпен 8:00-де ашылып, 19:00-де жабылады. Бірақ кейбір ірі қалаларда ол бір сағатқа ұзартылып отыр, деп хабарлайды inform.kz.
Президент сайлауының алғашқы кезеңінің қорытындысында көбірек дауыс алған екі кандидат қана екінші турға өтіп, президенттік лауазым үшін күреседі. Сарапшылардың айтуынша, әзірге президенттік сайлаудың бірінші кезеңінің қалай аяқталады белгісіз. Өйткені бұл саяси додаға күмәнмен қараушылардың пайызы жоғары болып отыр.
Сайлауға екі апта қалғанда жүргізілген сауалнамаға сәйкес, француздардың үштен бірі әлі күнге дейін кімге дауыс берерін шешпеген. Осы соңғы сауалнамаға қарағанда, олардың арасында Эмманюэль Макрон, Марин Ле Пен, Франсуа Фийон және Жан-Люк Меланшонның мүмкіндігі өзгелерден жоғары.
Францияда 45,6 млн сайлаушы бар. Бұған қоса, өзге елдердегі 1,3 млн француз да дауыс беруге қатыса алады. Президенттік сайлаудың екінші туры 7 мамырға жоспарланған.