Отандық және француз ғалымдары қоқыстан қуат алудың тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды elorda.info.
Қоқыс қалдықтарын өңдеу және жою, оларды іріктеу жүйесін енгізу әлемдегі қордаланған мәселе.
ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Франция павильонында өткен басқосуда қалдықтардан қуат өндірудің өзектілігі талқыланды. Жиынға Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова, Назарбаев университетінің ғалымдары және қоқысты өңдеу саласындағы ірі француз компанияларының жетекшілері қатысты. Қалдықтарды басқару жүйесі кез келген қаланың экологиялық ахуалына әсер етеді. Сондықтан әлем елдері қоршаған ортаға ешқандай зиянын тигізбей қалдықтарды қайта өңдеуге мүмкіндік беретін ақылды шешімдерді қолданысқа енгізуде. Франция павильонында өткен ғалымдардың басқосуында екі елдің қалаларындағы қалдықтарды өңдеу және оларды энергияның баламалы көзі ретінде қолдану саласындағы жаңа зерттемелері таныстырылды.
"Қоқыс қалдықтарын өңдеу, оны басқаруда Париж қаласының тәжірибесі қызықтырып отыр. Қазір мұнда француздың осы саладағы жетекші компаниялары және өзіміздің бірқатар мамандар жиналып тәжірибе алмасуда. Бұған дейін Вена қаласының және тағы басқа қалалардың тәжірибесін зерделеген едік. Ірі қалалардағы қоқыс қалдықтарын басқарудың ең тиімді жүйесін әрі өзімізге қолайлы тәжірибені қолданысқа енгізу қарастырылуда. Қаламыздағы осы мәселеге жауапты мамандар семинар барысында еркін пікір алмасып, сала жетекшілерінен толғандырған сауалдарына жауап алатын болады", — деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова.