Фрилансерлер, қос қызметте істейтіндер және еңбек келісімшарты барлар міндетті зейнетақы жарнасын төлеуден босатылады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Айта кетсек, 2018 жылдың 27 желтоқсанындағы ҚР "Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына түзетулер енгізілген еді, ол бойынша міндетті зейнетақы жарнасын төлеу процедуралары барынша оңтайландырылған.
Қабылданған заңнамалық өзгерістерді жүзеге асыру үшін биылғы жылдың бірінші тоқсанында тиісті ережелерге өзгерістер енгізілетін болады. Өзгерістер қабылданған сәттен бастап, жалдамалы жұмысшы ретінде қос қызметте жүрген азаматтар (яғни жеке еңбек келісім-шартын жасау аясында) және азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша жұмыс істеп жүргендер немесе қызмет көрсетіп жүргендер, табыс көзінен міндетті зейнетақы жарнасын төлеуден босатылады.
Азаматтық-құқықтық негізде келісім-шарт бойынша жұмыс істеп жүрген жеке тұлғалар үшін міндетті зейнетақы жарнасын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлік және жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар төлейтін болады. Олар салық агенті ретінде "фрилансерлер" үшін жеке табыс салығын есептеп, төлейтін болады.
Сондай-ақ азаматтық-құқықтық келісім-шарт бойынша жұмыс істеп жатқандар, жеке тұлғалармен келісімге отырған жеке тұлғалардың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу құқы сақталады. Олар өз бетінше де міндетті зейнетақы жарнасын төлей алады.