Футбол клубын тақырға отырғызған директор сотталды

961

"Ertis" футбол клубының бұрынғы басшысы бас бостандығынан айырылды.  

Футбол клубын тақырға отырғызған директор сотталды

Өткен жылы еліміздің футболдан бес дүркін чемпионы "Ertis" командасы ҚР Премьер-лигасынан қарыздарына байланысты шеттетілгені баршаға мәлім. Аяқдопшылар берешегінен құтыла алмай, команда құрамы тарап кеткен соң биыл да қазақстандық чемпионатқа қосылған жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Павлодар қаласының №2 соты бұған кінәлі адамды жауапқа тартты. "Ertis" футбол клубы" қоғамдық қорының бұрынғы директоры Серік Омарханов "Салықты және (немесе) басқа да міндетті төлемдерді бюджетке төлеуден жалтару" бабы бойынша айыпты деп танылып, бір жылға бас бостандығынан айырылды.

Серік Омарханов чемпиондар командасын 2019 жылдың мамыр айынан 2020 жылдың ақпанына дейін басқарған еді.

2019 жылдың маусым айында бас есепші директорға клубтың жеке табыс салығы мен әлеуметтік салықты төлейтін қаржы жоқ екенін хабарлаған.  Бұған футбол командасының негізгі ойыншыларының айлық көлемі бір жылдық сметадан асып түсуі себеп болған. Клуб басшысы тығырықтан шығу үшін бас есепшіге табыс, әлеуметтік салық пен басқа да міндетті төлемдер бойынша қате деректер келтіруді тапсырған болып шықты.

"Директор өзінің электронды-цифрлық қолтаңбасын бас есепшіге беріп, салық декларациясына кіріс пен шығыс туралы деректерді бұрмалауды, негізгі құрам ойыншыларының жалақасын төмендетіп көрсетуді тапсырған. Бұл ретте есепшіге міндетті төлемдер 2020 жылы аударылатынын айтқан. Қылмыстық әрекеттер салдарынан "Ertis" ФК" ҚҚ өз жұмысын тоқтатты", - делінген сот үкімінде.  

Нәтижесінде бюджетке салық бойынша қарыз 193 млн теңгеден асып кетті. Бұл мемлекетке келтірілген ірі шығын деп есептеледі.

"Ertis"-тің бұрынғы директоры өз кінәсін мойындады. Сондықтан сот үкім шығарарда жеңілдік жасады. Бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны да ескерілді. Сөйтіп, бір жылға бас бостандығынан айырылды. Бостандыққа шыққан соң үш жыл бойы қаржылық және коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқара алмайды.

Сот үкімі әзірше заңды күшіне енген жоқ.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу