Депутат Дархан Қыдырәлі футбол федерациясының қаражатты қайда, қалай жұмсап жатқаны туралы ашық мәлімет таппағанын айтады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
– Командасы қарсыластар қақпасына бір гол соға алмай антирекорд жасап отырғанына қарамастан Еуропаның ТОП құрама бапкерлерінің біразынан көп жалақы алатын ұлттық құрама бапкерінің айлығы неге құпия? Федерация мұны кімнен жасырады? Көпшілігі жергілікті бюджетке байлаулы футбол клубтарындағы легионерлердің айлығы да ашық айтылмайды. Осы ретте легионерлерге шектеу лимиті жоқ. Биыл алынып тасталған. Кейде алаңда 11 шетелдік ойыншы жүреді. Әйтсе де, санның сапаға әсері шамалы. Сондықтан, оларды ФИФА рейтингіндегі ТОП-30 елдің ішінен таңдаған жөн деп ойлаймыз. Еліміздегі футболды дамытуға арналған федерацияның жылдық бюджеті 10 млрд теңгені құрайды. Бұл қаражаттың қайда, қалай жаратылып жатқаны туралы ашық ақпарат жоқ, – деді депутат Д.Қыдырәлі.
Сондай-ақ, ол Президент тапсырмасы орындалмай жатқанына, ауылдарда футбол алаңдары жоқ екеніне де тоқталды.
– Кваликациясы жоғары бапкерлерді дайындау мәселесі де сын көтермейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде спорт резервін әзірлеу және балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері негізгі рөл атқаратынын айтып, олардың жұмысын жүйелеу жөнінде тапсырма берген еді. Алайда, еліміздегі балалар футболын қолдау мәселесінде шешілмей тұрған жайттар көп. Ауылдарда футбол мектептері тұрмақ, шағын футбол алаңдары жоқтың қасы. Президент тапсырмасы қашан орындалады? Бұл ретте өңірлердегі климаттық жағдайды ескере отырып, әсіресе, ауылдық жерлерде жыл он екі ай футбол ойнауға мүмкіндік беретін жабық алаңдар мен манеждер салынуы керек. Жекеменшік футбол клубтары да жетімнің күйін кешіп жүр. 7-17 жас аралығындағы балаларды оқыту ісінде бірыңғай жүйе жоқ, – деп ашынды депутат.