Гаити полициясы Тайваньның Порт-о-Пренс өкілдігінің аумағында президент Жовенель Моиздің өліміне қатысы бар 11 күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Inbusiness.kz өкілдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
8 шілдеде өкілдік қызметкерлеріне Гаити дипломатиялық миссия аумағына полицейлер кіруі керек деген ақпарат келіп түсті. Өкілдік қызметкерлері келісім бергеннен кейін, Гаити полициясы күдіктілерді қамауға алды.
Президентті өлтірген топ мүшелерінің басым бөлігі – отставкаға кеткен Колумбия әскерилері. Колумбияның қорғаныс министрі Диего Молано Апонтенің айтуынша, Интерпол ресми түрде Колумбия үкіметі мен ұлттық полициядан осы қылмысты жасағандар туралы ақпарат сұраған.
Ұлттық полиция басшысы Леон Шарль бұл топ 28 адамнан тұратынын, олардың 26-сы Колумбия азаматтары, екеуі Гаити тумалары екенін мәлім етті. Ол сондай-ақ жетеуі жер жастандырылғанын жариялады. Ұсталғандардың бірі – Джеймс Солаж есімді АҚШ азаматтығы бар гаитилік. Ол Канаданың елшілігінде күзетші болып жұмыс істегенін мойындады.
Гаити президентіне 7 шілдеге қараған түні шабуыл жасалып, алған жарақаттан ол сол бойда жан тапсырған еді. Осы жайттан кейін Гаитиде 15 күн соғыс жағдайы енгізілді.
Табиғат Нұрболат