Гаитидегі жер сілкінісінен ажал құшқандардың саны артты, деп хабарлайды Inbusiness.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап. Соңғы мәлімет бойынша, апаттан қаза тапқандар саны 1,9 мыңға жеткен.
Зілзала кезінде 9,9 мыңға жуық адам түрлі деңгейде жарақат алды. Жергілікті тұрғындар биліктен медициналық көмек, азық-түлік және баспана сұрап отыр.
Гуманитарлық миссиялар болса, қатты тропикалық дауылдың салдарынан жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Жер дүмпуі кезінде бірнеше ірі аурухана қирап, енді дәрігерлер шатырларда жұмыс істеуге мәжбүр.
АҚШ-тың Геологиялық қызметі қаза тапқандардың саны бірнеше мыңға, зардап шеккендердің саны ондаған мыңға жетуі мүмкін деп мәлімдеді.
14 тамызда Гаити жағалауында 7,2 балдық жер сілкінісі тіркелді. Жер асты дүмпулерінің эпицентрі Пети-Тру-де-Нип елдімекенінен солтүстікке қарай сегіз шақырым жерде, ошағы он шақырым тереңдікте орналасқан.
Табиғат Нұрболат