Ғаламшар үш негізгі дағдарыспен күресуі керек – Мағзұм Мырзағалиев

942

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында өткізілген дөңгелек үстелде адамзат қоршаған ортаға құрметпен, жанашырлықпен қарауға тиіс екенін атап өтті.

Ғаламшар үш негізгі дағдарыспен күресуі керек – Мағзұм Мырзағалиев

Министр 1972 жылы алғаш рет ұйымдастырылған Стокгольм конференциясы
экология мәселесіне ерекше назар аударған ірі халықаралық жиын болғанын  және ол қоршаған ортаға қатысты  халықаралық саясатты әзірлеуге ықпал еткенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"БҰҰ бас ассамблеясы 5 маусымды Дүниежүзілік қоршаған орта күні деп жариялап, арнайы қарар қабылдады. Құжатта қоршаған ортаны қорғау әлем халқының әл-ауқаты мен экономикалық дамуына оң әсер ететіні баяндалды, – деді Мағзұм Мырзағалиев. 

Министрдің мәлімдеуінше, жыл сайын Дүниежүзілік қоршаған орта күнінің тақырыбы мен ұраны анықталады. Биыл "Қайта ойластыру. Жаңадан жасау. Қалпына келтіру" деген тақырып бекітілді. 

"Өткен жыл адамдар үшін де, табиғат үшін де қиын болды. Әлемде орын алған орман өрті, дауыл, температураның күрт көтерілуі, құрғақшылық, су тасқыны сынды табиғи апаттарға қатысты есеп көбейіп кетті. Мұндай оқыс оқиғалардың жиілеп кеткені соншалық, адамдар табиғи апаттарды қалыпты жағдай ретінде қабылдайтын болды", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Оның сөзінше, қазір ғаламшар жаһандық климаттың өзгеруі, биоәртүрліліктің жоғалуы және қоршаған ортаның ластануы сынды 3 негізгі дағдарыспен күресуі керек.

"Бұл күреске әлем елдері бірлесіп, жұмылып кірісуге тиіс", – деді министр.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу