Галина Вишневская жарыстардан шеттетілді

1006

Галина Вишневская жарыстардан шеттетілді

Семейлік биатлоншы Галина Вишневская алдағы IBU кубогы үшін жарыстың кезеңдері мен Әлем кубогына қатыспайды. Бұған биатлоннан Қазақстан құрамасының спортшылары мен жаттықтырушыларына қатысты тергеу амалдарының жүргізілуі себеп болуда, деп хабарлайды kaz.altaynews.kz.

Белгілі болғандай, 2017 жылдың қаңтар айында Италияның Анхольц қаласында өткен Әлем кубогы жарысы кезінде жергілікті полиция мен прокуратура мамандары Қазақстан құрамасының қонақ үйдегі бөлмелерін тінтіп, қоқыс жәшігінен табылған дәрі-дәрмек қорапшаларының кімге тиесілі екенін анытауға тырысқан. Сол жолы біздің спортшылар түгелдей допинг тексеруден өтіп, олардың ешқайсысы рұқсат етілмеген препараттарды қолданбағаны анықталған. Бұдан кейін Больцано қаласының прокуратурасы қазақстандық биатлоншыларға қатысты істің тоқтатылғанын мәлімдеген болатын.

Алайда, араға екі жылға жуық уақыт салып бұл іс қайта қозғалды. Таяуда Қазақстан биатлоншыларының одағына IBU-дан (Халықаралық биатлоншылар одағы) 2017 жылғы допинг тексерулерге қатысты тергеу амалдары қайта қолға алынғаны және ұлттық құраманың мүшелері халықаралық жарыстардан уақытша шеттетілетіні туралы ресми хат келіп түскен. Онда істің анық-қанығын білу мақсатында қазақстандық биатлоншыларға қатысты тағы бір тексеріс жүргізілетіні жайында мәлімделген-ді. Хатта тергеу амалдары кезінде халықаралық додаларға қатыса алмайтын тоғыз спортшының есімдері аталған, олар: Галина Вишневская, Алина Райкова, Дарья Климина, Ольга Полторанина, Ян Савицкий, Максим Браун, Анна Кистанова, Антон Пантов және Василий Подкорытов.

IBU басшылығы тергеу амалдары аяқталған соң спортшылар мен Қазақстан биатлоншыларының одағына тексерістің нәтижелері хабарланатынын жеткізді.

"Осыдан бірнеше күн бұрын сапында 12 спортшысы бар Қазақстан ұлттық құрамасы Швецияның Идре қаласына аттанған болатын. Онда 29 қараша күні IBU кубогы үшін жарыстың алғашқы кезеңі басталады. Біздің құрама қатарында жоғарыда айтылған тізімге енген төрт биатлоншы бар. Олар Галина Вишневская, Дарья Климина, Максим Браун мен Антон Пантов. Аталған спортшылар әріптестерімен бірге алдағы жарыстарға дайындалып жатса да, ресми түрде оларға қатыса алмайды. Ал қалған сегіз биатлоншымыз IBU кубогы үшін жарыстың алғашқы кезеңдері мен Әлем кубогына қатысатын болады", – дейді бұл жөнінде Қазақстан биатлоншылары одағының президенті Ермек Қизатов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу