Ғалы Бақтыбаевтың өліміне күдіктілер ақталды

1241

Қоғам белсендісін өлтіруге қатысты қылмыстық істі алқабилер соты қарады.

Ғалы Бақтыбаевтың өліміне күдіктілер ақталды

Жаңаарқа ауданының тұрғыны, қоғам белсендісі Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты іске сотта соңғы нүкте қойылды.

Өз үйінің алдында ажал құшқан қоғам белсендісі Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты қылмыстық іс екі жылға жуық тергелді.

Ғалы Бақтыбаевты өлтірді деген күдікпен Жаңаарқа ауданының тұрғындары  Азамат Букенаев, Ғалым Ахмеджанов, Иман Мияшев, Эльдар Жакен сот алдында жауап берген болатын.

Бұл істі алқабилер соты қарады. Үкім шыққанға дейін төрт күдіктінің туыстары сот ғимаратының алдына жиналып, тергеудің әділ өтпегенін, туыстарын жазықсыз қамап тастағанын айтып наразы болған еді.

Тергеу мәліметіне сай, марқұм Ғалы Бақтыбаев Ахмеджанов және Букенаевпен араз болған, бірнеше рет келіспей қалған жанжалды жағдайлар болған. Араздықтың салдарынан олар Ғалы Бақтыбаевты соққыға жығуды ұйымдастырған. Олардың тапсырмасын Эльдар Жакен мен Иман Мияшев орындаған. Тергеу орындары келтірген мәліметке сай, Ғалы Бақтыбаев соққыға жығылған соң, Букенаев пен Ахмеджанов Мияшовқа оны өлтіруге тапсырыс берген. Олар ақша бермек болған. Иман Мияшев бұл ұсынысқа келісіп, 2019 жылы 28 мамырда түнде ауызашардан үйіне қайтып келе жатқан Ғалы Бақтыбаевты дәл үйінің алдында атып өлтірген. Бұдан басқа 2018 жылы 22 желтоқсанда Мияшов Атасу кентінде Е.Б Сейсембаевпен Ж.А .Дикопқа қатысты бұзақылық жасаған және 2019 жылы Степногорск қаласында О.А Рахимовқа қастандық жасады деген мәліметтер сотта айтылған болатын.

Қылмыстық істі қараған алқа билер соты құрамында 10 алқабилер қатысушысы мен бір судья болған. 10 алқабилер үкім кесер кезде барлық күдіктілерді Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты кінәсіз деп тауып, ақтауға дауыс берген. Сонымен қатар алқа билер соты Мияшовты Рахимовтың өміріне қастандық жасады және заңсыз қару сақтады деген айып бойынша кінәсі жоқ деп шешті. Ал Мияшовтың Сейсембаевпен Ж.А Дикопқа қатысты бұзақылық жасады деген істе және Жакен мен Мияшов Ғалы Бақтыбаевтың денсаулығына қасақана ауырлығы орташа  деңгейде зиян келтірді деген айып  бойынша қылмыстары дәлелденді деп есептеді .

Алқабилер соты үкімімен Иман Мияшев бес жылға сотталды. Ал Эльдар Жакенге үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Осылайша қоғам белсендісін атып кеткен қылмыскер табылмады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу