Ғалымбек Кенжебаев: Лицензиялық турнир басталғанша дайындықты күшейтеміз

739

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Нұр-Сұлтан қаласындағы оқу-жаттығу жиындарына кірісті.  

Ғалымбек Кенжебаев: Лицензиялық турнир басталғанша дайындықты күшейтеміз

Спортшылар наурыз айында өтетін Азия аймақтық Олимпиадаға іріктеу турниріне дайындық үстінде, деп хабарлайды Olympic.kz.

Естеріңізде болса, Халықаралық Олимпиада комитеті мен жергілікті ұйымдастыршылар 3 ақпан күні Қытайдың Ухань қаласында басталуы тиіс турнирді қауіпті вирусқа байланысты кейінге шегерген болатын. Бокстан команда бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, лицензиялық турнирдің кейінге қалуына қатысты пікірімен бөлісті. 

"Токио Олимпиадасына жолдама тарататын екі турнир бар. Соның бірі - Азия аймақтық іріктеу бәсекесі 3 ақпанда басталуы керек еді. Алайда, Қытайдағы қауіпті коронавирусқа байланысты кейінге қалды. Әрине, адамдардың денсаулығы бірінші орында. Сол себепті, турнирдің орнын ауыстырғаны өте дұрыс шешім. Бізде дайындық үшін әлі бір ай уақыт бар. Жолдамаға талас наурызда өтеді. Ал оған дейін біз тағы бір жаттығу жиынын өткізіп, дайындықты үдете түсеміз. Сегіз салмақ дәрежесінің барлығында лицензияға иелік етуді жоспарлап отырмыз. Дегенмен, Азия боксының қарқыны жоғары екенін ұмытпауымыз қажет. Мысалы, 52 келіде әлем чемпионатында жүлде алған спортшылардың үшеуі – азиялықтар. Сондықтан, әрбір қарсыластың біз үшін қаупі үлкен екенін ұмытпау қажет.  Біздің боксшылар тас-түйін дайын. Бокстағы көп жайт жеребеге де байланысты. Екі мықты қарсылас бірінші айналымда жолығып қалса, қиын болары сөзсіз. Команда құрамын жасақтап қойдық. Кейін, мамыр айында Парижде өтетін әлемдік іріктеу турниріне де қатысатын боксшылар бар.  Жалпы командада айтарлықтай өзгеріс жоқ. Биыл жастар командасынан екі спортшыны алдырттық. Олар - Махмұд Сабырхан (52 келі) мен Сағындық Тоғамбай (91 келі). Құрамаға 2001 жылы туған жастарды қабылдап жатырмыз. Лицензиялық турнир басталғанша дайындықты үзбейміз", – деді бас бапкер. 


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу