Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев қаңтар айында қызметіне кіріседі. Жаңа бапкердің жұмысы Талғардағы АІВА академиясындағы оқу-жаттығу жиындарынан басталмақ, деп хабарлайды Olympic.kz.
Бапкер ұлттық құраманы қандай өзгерістер күтетінін айтып берді
"Бұл қызметке келе салып, түбегейлі өзгеріс орнатамын деп айта алмаймын. Команда мүшелері де, бапкерлер де сол қалпында қалады. Тек, өзімнің жаттығу әдісімді қолданатыным рас. Әр бапкердің өзіндік жаттықтыру техникасы болады. Одан бөлек, ұлттық құрамаға мейілінше көп шәкірті енген жаттықтырушылар маған көмектеседі. Бұйырса, қаңтар айының 8 жұлдызынан бастап құрамадағы алғашқы жұмыс күнім басталады. АІВА академиясының базасында оқу-жаттығу жиындары өтеді", - дейді Кенжебаев.
Жаңа жаттықтырушының пікірінше, құраманың кәсібилігін жоғарылата түсу қажет.
"Өздеріңіз білесіздер, кәсіби боксшыларға Олимпиадада жұдырықтасуға мүмкіндік берілді. Қазір көптеген елдер осы тәжірибені пайдалануда. Мәселен, Азия ойындары мен әлем чемпионатында көзге түскен өзбек боксшыларының барлығы да қазір Америкада жүр. Бізге де осы идеяны жетілдіре түсу керек. Мүмкін, кәсіби боксшылармен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізерміз. Бұл ойда жүрген мәселе. Қазір бокс бір орында тұрған жоқ. Сол себепті, түрлі тәжірибелерді пайдалану қажет", - дейді бас бапкер.
Еске сала кетейік, Ғалымбек Кенжебаев ұлттық құраманы 9 жыл басқарған Мырзағали Айтжановты ауыстырған болатын.
Айта кетсек, АІВА мен ХОК бір шешімге келе алмай, былғары қолғап шеберлерінің алдағы Олимпиададағы тағдыры әлі белгісіз болып тұр.
"Міне, осындай қиын кезеңдерден команданы абыроймен алып шығу – басты мақсат", - дейді Ғалымбек Кенжебаев.