Ғалымдар вилт ауруына төзімді мақта сұрпын шығарды

92

"Мақта және бақша дақылдары ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы" ЖШС жаңа мақта сұрпы – "Мақтаарал-5030" бойынша сынақтардың соңғы кезеңін аяқтауда.  

Ғалымдар вилт ауруына төзімді мақта сұрпын шығарды Фото: Сақ.кз

Ағымдағы маусымда бұл сұрыпқа патент алу жоспарланып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Сынақ нәтижелері бұл сұрыптың жоғары агрономиялық әлеуетке ие екенін көрсетті. Вегетациялық кезеңі – 110–115 күн. Шикі мақтаның өнімділігі – гектарына 43,5 центнер, бір қауашақтағы мақта массасы – шамамен 6,1–6,2 грамм. Талшық шығымы – 39,7%, ұзындығы – 33,5 мм, микронейр – 4,5, бұл тоқыма өнеркәсібіне қажетті сапа талаптарына толық сәйкес келеді. Талшықтың сызықтық тығыздығы – 5300 мтекс, үзілу жүктемесі – 4,9 г/с.

Мамандардың ерекше назарын аудартқаны – сұрыптың вилт ауруына жоғары төзімділігі: жұқтыру жағдайында зақымдану деңгейі небәрі 0,1% болды, бұл "Береке-07" стандартты сұрпымен салыстырғанда (онда бұл көрсеткіш 0,4%-дан жоғары) әлдеқайда төмен.

Морфологиялық белгілері бойынша "Мақтаарал–5030" – бұталары жайыла өсетін, биіктігі 120 см-ге дейін жететін өсімдік. Симподиальды бұтақтар 4-5-ші буында қалыптасады. Өсімдіктің жапырақтары – ірі, жасыл түсті. Қауашақтары 4-5 қалақшалы, дөңгелек пішінді, пісіп-жетілгенде жақсы ашылады. Талшығы – ақ әрі таза. 1000 тұқымның салмағы – шамамен 125 грамм.

Сұрып агротехникалық жағдайларға, әсіресе ерте себу мерзімдерінде жақсы бейімделеді. Ұсынылатын егіс схемасы – 90×1×10. Машинамен жинауға жақсы бейімделген. Орташа тұзданған және құнарсыз топырақтарда өсімдіктердің жиілігін гектарына 130-135 мың данаға дейін жеткізу ұсынылады. Ең жоғары нәтиже өнім қалыптасуының белсенді кезеңінде уақтылы суару жүргізілген жағдайда байқалады.

2024 жылдан бастап "Мақтаарал-5030" сорты Қазақстанда аудандастыруға рұқсат етілген сорттар тізіміне енгізілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу