Ғалымдардың ғылыми жобасын экспорттаудан 350 млн теңгеге жуық табыс түскен

1076

Былтыр қазақстандық ғалымдардың 15 ғылыми жобасын экспорттаудан 346 млн теңгеден астам табыс түсті. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Ғалымдардың ғылыми жобасын экспорттаудан 350 млн теңгеге жуық табыс түскен

"Ғалымдар ғылыми жобаларды халықаралық нарыққа шығару арқылы қосымша табыс алады", – деп сендіреді министрлік.

Жобалар Қытай, Ресей, Түркия, Грузия, Чехия, Қырғызстан сияқты елдерге экспортталады.

Ведомстваның ақпарына сүйенсек, елдегі ғалымдар шетелдік ғалымдармен бірге медицина, нано және биотехнологиялар, жасанды интеллект, геология, минералды және көмірсутекті шикізатты өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі және экология саласындағы заманауи жобаларға қатысып жатыр. Ғылыми жобалардың арасында кобальт-57 радиоизотопы, жел және күн энергиясын өндіретін генераторлар, саңырауқұлақтарға қарсы препарат, медициналық, тағамдық және тұрғын үй-жайларды санитарлық тазартуға арналған биологиялық өнімдер, сүт сарысуы негізіндегі сусындар, пробиотиктер бар.

"Кейінгі екі жылда 130-ға жуық жоба қаржыландырылды. Ғылыми қор – ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша жобаларды гранттық қаржыландыру операторы. Бүгінгі күні біз ғылымды қажет ететін 120 өндірісті іске қостық, оның 15-і өнімін экспортқа шығарып үлгерді. Сонымен қатар 1,5 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Зияткерлік меншік авторлары мен ғылыми жобаларды пайдаланатын кәсіпорындар арасында 45 лицензиялық келісім жасалды", – деп атап өтті министрліктің ғылым қоры басқармасының төрағасы Арын Орсариев.

"Ғылым қордың қолдауымен "Антиген" ғылыми-өндірістік кәсіпорнының ғалымдары культуралдық вакцина өндіру технологиясын әзірледі. Бұл жоба үй және жабайы жануарлардың құтыру ауруының таралуын алдын алуға бағытталған. Бүгінгі күні вакцинаны Грузияға жеткізу ұйымдастырылды. Микробиология және вирусология институтының ғалымдары сарысу негізіндегі тағамдық құндылығы жоғары отандық сусын шығаруды қолға алды. Сусынның бүйрек пен бауырдың жұмысына, сондай-ақ бүкіл ішектің жұмысына пайдасы зор. Сонымен бірге ревматизмдегі қабынуды азайтуға көмектеседі, гипертония кезінде қысымды қалыпқа келтіріп, атеросклероз қаупін азайтады", – деп жазады министрліктің баспасөз қызметінен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу