Ғалымдардың орташа жалақысы 2 есе өсті

281

Мемлекет басшысы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті қабылдады.

Ғалымдардың орташа жалақысы 2 есе өсті Фото: Inbusiness.kz

Кездесуде Президент тапсырмаларын орындау үшін Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданғаны туралы баяндалды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында Саясат Нұрбек биыл қыркүйек айынан бастап Қазақстанда бакалавриат бағдарламасы бойынша стипендия мөлшері 20 пайызға, магистратура мен докторантурада 15 пайызға көбейгенін айтты. ЖОО профессор-оқытушылар құрамының жалақысы 160 мыңнан 350 мың теңгеге дейін, ал ұлттық университеттерде бұл көрсеткіш 228 мыңнан 400 мың теңгеге дейін өскені жөнінде баяндады.

Сондай-ақ студенттер жатақханаларындағы орын тапшылығы үш есе, яғни 2022 жылғы 55 050-ден 2023 жылғы қазанда 17 488-ге дейін азайғаны туралы айтты. Жоғары білім беру саласындағы инфрақұрылым мен цифрлық архитектураның дамуы, соның ішінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ кампустарының құрылысына қатысты ақпарат берілді.

QS рейтингіне 21 ЖОО, ал Times Higher Education рейтингіне 4 университет кірген. Жыл соңына дейін елімізде жұмыс істейтін жетекші шетелдік университеттер филиалдарының саны 8-ге жетпек.

"Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес өз жұмысын бастады. Ғалымдардың орташа жалақысы 2 есе өсіп, 252 мың теңгеге жетті. Іргелі зерттеулермен айналысатын ҒЗИ тікелей қаржыландырылатын болды. Ғылым саласының 2023-2025 жылдарға арналған жалпы бюджеті 3,3 есе артып, 643 млрд теңгені құраған", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ ғалымдары тазалығы 99,5 пайыз мөлшерінде селен алу технологиясын ойлап тапқанын хабарланды. Бұл химиялық элемент медицинада, электроникада және шыны өндірісінде кеңінен қолданылады. Осы жаңалықтың арқасында Қазақстан аталған сирек металды анағұрлым тиімді бағамен экспорттай алады.

Президент білім беру деңгейін арттыру, инновацияларды ынталандыру және ғылыми зерттеу жұмыстарының сапасын жақсарту, сондай-ақ студенттер жатақханаларындағы орын тапшылығын азайту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу