Ғалымдар жаңа әліпбиге лайықталған пернетақтаны таныстырды

1294

Министрлік латын қаріптерін ағылшын әріптерінің орналасуымен сәйкестендіріп жасауды тапсырған екен.

Ғалымдар жаңа әліпбиге лайықталған пернетақтаны таныстырды

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары латын әліпбиіндегі пернетақта әзірлеп, білім және ғылым министрлігінің қарауына жіберді, деп хабарлайды almaty.tv.

Ғалымдар латын қаріптері орналастырылған жаңа пернетақтаны әзірлеуге бір жылдай уақыт жұмсапты. Қазақ тілінде жиі әрі қатар кездесетін әріптерді анықтау үшін миллиондаған мәтінге талдау жасаған. Лексиконымыздың 80 пайызында кездесетін 19 әріп бар екен. Жиі қолданылатын бұл әріптер пернетақтаның ортасына, ал сирек кездетіндері шет жақтарына орналастырылған. Пернетақтаның негізгі орталығы ретінде кириллицадағы А және Н әріптері алынған.

Пернетақтаның екінші нұсқасында латын қаріптері қазіргі ағылшын әріптеріне сәйкестендіре отырып орналастырылған. Ал сыймай қалған 6 әріпті ғалымдар пернетақтаның оң жағындағы бос символдардың орнына немесе жоғарғы қатардағы сандардың орнына қоюды ұсынып отыр.

"Пернетақтаға әріптерді қойдық. Ол тыныс белгісіне ешқандай кедергі жасамайды. Керісінше, кириллицада қазақ әріптері үстіне қойылған ғой, ол жерде негізі таңбалар болған. Сандар бар, солардың бәрі орнында болады. "Символ" белгілерінен іздеп жүрмей-ақ, қолдана беруге болады. Екінші нұсқасы ағылшынша жазып үйреніп қалған адамдар үшін ыңғайлы болатын шығар, бірақ біз кириллицада жазғаннан кейін, бәрібір QWERTY- клавиатураны қайта үйренеміз. Ал ол машинка басып жүрген кезде-ақ ойлап табылған. Қазір оның бізге керегі жоқ деп ойлаймын", – деді IT маманы Дархан Тоқмырзаев.

Жоба авторларының айтуынша, министрлік латын қаріптерін ағылшын әріптерінің орналасуымен сәйкестендіріп жасауды тапсырған екен. Алайда, негізгі мақсат ұлттық пернетақта жасау болғандықтан, бұл біздің ойымызбен сәйкес келмейді дейді. Енді ғалымдар жаңа әліпби пернетақтасының заң жүзінде бекітілуін күтуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу