Ғарышқа аттанатын алғашқы түрік белгілі болды

837

Мыңдаған өтініштің арасынан екі кандидат таңдалды.

Ғарышқа аттанатын алғашқы түрік белгілі болды Фото: sabah.com

Түркия осы жылы ғарышты бағындырмақ. Өнеркәсіп және технологиялар министрі Мұстафа Варанктың айтуынша, ғарышқа ұшатын алғашқы есімдер анықталды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап. 

Ғарышқа әркімнің-ақ бар таласы демекші аспан әлемін бағындыруға мыңдаған адам өтініш берген. Олардың арасынан талапқа сай келетіндері таңдалып алынды. Жергілікті БАҚ-та жарияланған мәліметке сүйенсек  негізгі және резервтік екі үміткер белгілі болды. Негізгі кандидаттың әскери ұшқыш екені жайлы ақпарат бар. Ол биыл ғылыми жұмыстар жүргізу үшін 10 күн халықаралық ғарыш станциясына жіберіледі. Ал олардың есімдерін Президент Ердоған алдағы уақытта жариялайды.

Ұлттық ғарыш бағдарламасы аясында "Түрік ғарыш саяхатшысы және ғылыми миссия" жобасы ресми түрде өткен жылы 23 мамырда басталды. 

Ғарыш сапарына 45 жастан аспаған, жоғары оқу орнын инженерлік, жаратылыстану, жалпы ғылымдар немесе медицина бойынша бітірген және ағылшын тілін жетік білетіндер мен бойы 1.49-1.90 арасында, ал салмағы 43-тен 110 кг-ға дейінгілер өтініш берді.

Содан кейін өтініштер қаралып, үміткерлер таңдалды. Барлығы 30 үміткердің 10-ы әйел. Бұдан соң міндетті оқу процесі басталды. Алдымен Түркияның Ескішехир қаласындағы әуе күштері қолбасшылығының ұшқыштардың денсаулығын зерттеу және оқыту орталығында сынаққа қатысты. Бұдан соң үміткерлер медициналық университетте психологиялық тестілеуден өтті. 

Тестілеу нәтижесінде үміткерлер саны 15-ке дейін қысқарды. Содан кейін АҚШ және GATA денсаулық сақтау қызметкерлерінен құралған топ 7 адамнан тұратын соңғы тізімді жасады. Алайда 7 үміткер де барлық кезеңнен өтсе де негізгі және резервтік болып үміткерлер саны екіге дейін қысқарды. Сонымен ғарышқа баратын кандидатты президент Ердоған таңдады. Денсаулық жағдайы мен қазіргі кездегі жұмысын ескере отырып таңдалған негізі кандидат әуе күштерінде қызмет ететін әскери ұшқыш екені анықталды.

Екі үміткер АҚШ-қа барып, міндетті дайындықтан өтеді. Атап айтқанда, олар халықаралық ғарыш станциясының жұмыс жүйелері бойынша теориялық сабақтар алады. Сондай-ақ, Еуропа мен Жапонияның ғарыш аппараты модульдерімен де танысады. 

Ал түрік халқы ғарышқа ұшатын алғашқы түрік азаматының кім екенін білуге асық. 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу