2026 жылғы шілдеде Мемлекет басшысы ҚХР-ға сапар жасап, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізді. Сапар қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық әріптестікті дамытуға уағдаласып, жаңа келісімдер топтамасына қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Екі ел бірлескен жұмысты күшейтіп отырған негізгі бағыттардың қатарында цифрландыру, жасанды интеллект, экологиялық мониторинг және ғарыш технологиялары бар.
Осы бағыттағы ынтымақтастықтың бір мысалы ретінде "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ мамандарының Қытайдағы халықаралық білім беру бағдарламасына қатысуын айтуға болады. Ғарыш жүйелері департаментінің инженерлері Дмитрий Чумаченко мен Гүлнар Бисеналина басқа елдердің мамандарымен бірге оқудан өтті. Бағдарлама барысында олар климаттың өзгеруін мониторингтеу, төтенше жағдайлардың алдын алу, спутниктік деректер мен метеорологиялық технологияларды қолдану бағыттарын меңгерді.
Бағдарламада қазақстандық инженерлер Қытайдың FengYun сериялы метеорологиялық спутниктерін және MAZU зияткерлік ерте ескерту жүйесін қолдану тәжірибесімен танысты. Оқыту бағдарламасына дәрістер, практикалық сабақтар, техникалық сессиялар, көшпелі іс-шаралар және бейінді ұйымдарға бару кірді.
Қатысушылардың айтуынша, бағдарламаның басты нәтижесі тек жаңа технологиялармен танысу ғана емес, олардың іс жүзінде қалай қолданылатынын түсіну болды.
Ғарыш технологиялары бүгінде тек ірі ғылыми міндеттерді шешу үшін ғана қолданылмайды. Олар табиғи ресурстар мен ауыл шаруашылығы жерлерін бақылауда, қауіпті табиғи құбылыстарды болжауда және төтенше жағдайлардың алдын алуда да маңызды рөл атқарады.
Аумағы кең Қазақстан үшін тиімді спутниктік мониторингтің маңызы ерекше. Бұл үлкен аумақтар бойынша деректерді жедел алуға және тек жерүсті инфрақұрылымына тәуелді болмауға мүмкіндік береді. Сондықтан Жерді қашықтан зондтау деректерімен жұмыс істейтін мамандарды даярлау ұлттық ғарыш саласының дамуымен тікелей байланысты.
Қытай ғарыштық және цифрлық инфрақұрылымды белсенді дамытып отырған елдердің бірі. FengYun спутниктері ауа райы мен климатты бақылауға, табиғи құбылыстарды қадағалауға және түрлі практикалық міндеттер үшін қажетті деректерді алуға қолданылады.
Бұл саладағы кәсіби тәжірибе алмасу нақты практикалық нәтиже береді. Бүгінде ғарыш технологиялары тек спутниктер мен зымырандар ғана емес. Бұл деректер, болжау жүйелері, экологиялық мониторинг және жасанды интеллект құралдары. Олардың барлығы елдің қауіпсіздігі мен тұрақты дамуына тікелей ықпал етеді.