"Ғасыр алаяғы" Ұлыбритания сотында кінәсін мойындады

668

Ұлыбританияда 47 жастағы қытайлық Чжимин Цянь тарихтағы ең ауқымды қаржылық алаяқтық істерінің бірінде өз кінәсін мойындады. 

"Ғасыр алаяғы" Ұлыбритания сотында кінәсін мойындады Фото: Metropolitan Police

Тергеу деректеріне сәйкес, ол 2014–2017 жылдары Қытайда өзінің Tianjin Lantian Gerui Electronic Technology компаниясы арқылы 128 мыңнан астам салымшыны алдап, табыстың 300%-ын қайтаруға уәде берген. Жиналған қаражатты Цянь криптовалютаға айналдырып, кейін елден қашып шығып, Ұлыбританияда элиталық жылжымайтын мүлік сатып алған, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Британдық полиция оның активтерінен шамамен 7 млрд доллар көлемінде криптовалюта тәркілеген. Бұл – әлем бойынша жасалған ең ірі тәркілеулердің бірі саналады.

Цяньнің кінәсін мойындауы қытайлық және британдық құқық қорғау органдары бірлесіп жүргізген, жеті жылға созылған халықаралық тергеуді қорытындылады. Өткен жылы оның сыбайластарының бірі алты жылға сотталған болатын. Ал Цяньге қатысты үкім жақын күндері шығады.

Тергеу барысында оның жеке күнделігінен "құдай ана" және "ханшайым" болуды армандағаны анықталған.

Бұл іс төңірегіндегі басты даудың бірі – тәркіленген қаражаттың тағдырына қатысты. Ұлыбритания билігі бұл активтерді бюджет тапшылығын жабу үшін пайдалануды көздесе, алданған қытайлық салымшылар өз қаржысын қайтаруды талап етіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу