Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабына, "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 24-бабы 4 және 9-тармақтарына сәйкес, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы "Қазақстан Халық партиясы" Қоғамдық бірлестігі Бюросының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы №27 қаулысының негізінде Гаухар Шаймерденқызы Танашева Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты өкілеттігін жоғалтты деп танылсын деген қаулы шығарды.
Сондай-ақ, ҚР Орталық сайлау комиссиясы "ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Ж. Нұралинді тіркеу туралы" қаулы қабылдады.
Қаулыда "Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі депутатының бос мандаты "ҚХП" Қоғамдық бірлестігінің мүшесі Асылбек Жамашұлы Нұралинге берілсін. Асылбек Жамашұлы Нұралин Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып тіркелсін. Асылбек Жамашұлы Нұралинге белгіленген үлгідегі тиісті куәлік пен омырауға тағатын белгі тапсырылсын", – деп жазылған.
Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сай Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі депутатының бос мандаты "ҚХП" Қоғамдық бірлестігінің мүшесі Асылбек Жамашұлы Нұралинге берілді.
Асылбек Жамашұлы Нұралин Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып тіркелді.
Асылбек Жамашұлы Нұралинге белгіленген үлгідегі тиісті куәлік пен омырауға тағатын белгі тапсырылды.
"Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық Заңның 24-бабына сәйкес, депутаттың өкілеттігі оны Орталық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады.
ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров Асылбек Жамашұлына белгіленген үлгідегі куәлік пен омырауға тағатын белгіні табыстап, оған депутаттық корпустағы жұмысына сәттілік тіледі.