Мауи аралында өрттен қаза тапқандар саны әлі белгісіз, өйткені құтқарушылар өртенген денелерді күнде тауып жатыр. Бұл туралы өңірдегі полиция басшысы хабарлады.
Соңғы ақпарат бойынша, орман өртінен көз жұмғандар саны 110-нан асты. Тағы мыңнан астам тұрғын із-түссіз жоғалған. Бірақ кей жандардың қатты күйіп кеткені соншалық - күлден басқа ештеңе табу мүмкін емес, дейді полиция. Билік жоғалған адамдардың туыстарынан үйінділердің астынан табылған қалдықтарды анықтау үшін ДНҚ үлгілерін беруді сұрады.
Еске салайық, 8 тамызға қараған түні басталған өрттен Лахайна қаласы түгел жанып кетті. Билік тексеріс аяқталған соң құрбандар қатары 2 есе өсуі мүмкін дейді.