Биыл 60,5 млрд текше метр газ өндіру жоспарланып отыр. Ол өткен жылмен салыстырғанда 2,3%-ға көп. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Газ өндіру мен өңдеу көлемінің ұлғаюына қарамастан біздің елімізде көгілдір отынның тапшылығы орын алып отыр. Қашағанда және Жаңаөзенде газ өңдеу зауыттарын салу ұзаққа созылып кетті. Жаңа кен орындарын дамыту және геологиялық барлауға инвестициялар тарту да баяу жүруде. Сондықтан Энергетика министрлігі мен "QazaqGaz" компаниясына газ өңдеу зауыттарын салу және жаңа газ кен орындарын игеру бойынша нақты жол карталарын әзірлеуді тапсырамын", - деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов халықты газбен қамтамасыз ету және газ құбырларын жаңғырту мақсатында "Самұрық-Қазына" қоры 105 млрд теңге бөліп отырғанын баса айтты.
"Энергетика министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бөлінетін қаражаттың уақтылы игерілуін қамтамасыз етуді және жылдың соңына дейін желілер салу бойынша барлық қажетті жұмыстарды аяқтауды тапсырамын. Үшіншіден, газбен жүретін автомобиль санының жыл сайын өсіп келе жатқанын ескере отырып, газ-баллонды жабдықты орнату кезінде заңнаманы бұзу фактілерінің саны да артып келеді. Мұндай жағдайлар азаматтардың өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан Ішкі істер және Энергетика министрліктеріне көлікті қайта жабдықтау және техпаспортта тиісті белгінің болмауына байланысты кәсіпкерлердің жауапкершілігін күшейту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын", - деді ол.