Газ жарылысы болған үйдің иесі 40 жастағы Дәулет Тұрабаев үш ұл, екі қыздың әкесі еді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қаралы оқиға Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Жігерген ауылында 7 қаңтар күні болған. Тұрғын үйдегі газ жарылысы бір отбасының үш адамын ажал құштырды. Арасына күн салмастан 3 күн бойы әкесі мен екі ұлының жаназасын шығарған қаралы отбасы әлі есін жияр емес.
Үй иесі Дәулет Тұрабаев Балқашқа қатынап жұмыс істеген. Ол 24 желтоқсанда мерекелік демалысқа үйіне келген. Сосын аған денсаулығы сыр берген келіншегін қалаға емделуге жіберген. Қос қызымен Шымкентке кеткен келіншегі Динара үйге табиғи газды екі-үш ай бұрын кіргізгенін айтып отыр.
"Азанда қоңырау шалып тұр. "Дина қайтшы. Газ жарылды. Мен күйіп қалдым. Балалар аман" деді. Кейін қайта хабарласып едім, қайынағам алды. "Келін оларды жедел-жәрдеммен ауруханаға әкетіп жатыр. Сол жаққа бара бер" деді. Жедел-жәрдеммен қатар бардық Қазығұртқа. Екі баламды көрдім. Екеуі де түгелдей күйіп қалған. Үлкен балам "мама бізде бәрі жақсы. Болмашы жарақат қой. Жазылып кетеміз" деді, – дейді Динара Әшірова.
Динараның енесі газ жарылысының қарқыны тым қатты болғанын айтады. Оқиға куәгерлері үйдің сау терезесі қалмағанын жеткізген.
"Газды кіргізгеніне 3-4-ақ ай болды ғой. "Мама, тым болмаса ел қатарлы екі бөлмені жылытып отырайын" деп жазда келгенде өтініш жазып бергенмін. Өзім Алматыда үлкен ұлдың қолында тұрамын. Сол камень пеш қойып отырған екен ғой. Көргендердің айтысы газ атылғанда бүкіл осы үйде қанша бөлме бар соның барлығының әйнегін сындырып жіберген. Мына жерде жанып жатқан дүниені, үйді алып қаламыз деп оттың ішінде жүре беріпті балаларым. Сол аралықта түтін ішкі ағзаларын күйдіріп жіберген. Денесінің 90 пайыздан астамы күйген. Оларды аман алып қалу мүмкін болмады", – дейді Дәулеттің анасы.
Ауруханаға жеткізілген төрт науқастың алдымен 5 жастағысы жан тапсырған. Кейін 13 жастағы ұл, үшінші күні 40 жастағы үй иесі қайтқан. Газ жарылғанда марқұмдардың үшеуі де бір бөлмеде жатқаны белгілі болды. Тек ортаншы бала бөлек бөлмеде ұйықтаған.
"Аман қалған баламның аяғы қатты күйіпті. Ол әкесі, ағасы мен інісі қайтыс болғанын білмейді. Өйткені шоктан шықпаған. Дәрігерлер көңілін алаңдатпауды тапсырды. Әлі ауруханада жатыр. Қазір жарылыс болған үйде тұрып жатырмыз. Ауыл-аймақ болып 3 миллион теңге жинап, несиемнің біреуін жауып берді. Қалғандары үйді әктеп-сылап, терезелерін қаптап берді. Әзірге әйнектері жоқ", – дейді Динара Әшірова.
Айлықтан айлыққа өмір сүрген отбасының 12 миллион теңге несиесі болған. Бірін төрт түлік асырап, оны сату үшін алса, қалғанына жолаушы тасымалдайтын көлік алған. Бірақ кәсіптің бір де бірі жүрмей, отағасы Балқашта қатынап нәпақа тапқан.
Төтеншеліктер жарылыс табиғи газға жалғанған пештегі газ-ауа қоспасынан болғанын болжайды. Ал әкімдік өкілдері әкімдік тарапынан жақын күндері зардап шеккен азаматтарға 1 миллион 585 теңге төңірегінде қаржы берілетінін айтқан.
Арасына күн салмай қайтқан 2 ұл мен отағасын жоқтап, 35 жастағы жесірі мен 12 жастағы ұлы, 9 жастағы және 8 айлық қызы қалды.