Газа секторында азық-түлік бағасы 527 пайызға қымбаттады

235

Палата мәліметінше, Израильдің тауарлардың кіруіне тосқауыл қоюы сауданың шектелуіне, нәтижесінде бағаның күрт өсуіне себеп болған.  

Газа секторында азық-түлік бағасы 527 пайызға қымбаттады Фото: РБК

Газа сауда-өнеркәсіп палатасы Израильдің блокадасы салдарынан аймақтағы экономиканың күйреп, азық-түлік бағасының 527 пайызға өскенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Сондай-ақ Израиль аштықты қару ретінде пайдаланып, халықаралық құқық нормаларын бұзды деп айыпталды.

2023 жылдың 7 қазанында басталған әскери қақтығыстар салдарынан Газада 52 240 адам көз жұмған. 18 наурызда атысты тоқтату режимінің мерзімі біткеннен кейін Израиль қайтадан шабуылдарды жалғастырды. Сол уақыттан бері тағы 2 025 палестиналық қаза тапқан. Олардың көбі – әйелдер мен қарттар. 5 мыңнан астам адам жарақат алды. Орташа есеппен күн сайын 90 адам қаза болуда.

Қатар премьер-министрі Мұхаммед бин Абдуррахман Әл Сани Израильдің аштықты қару ретінде пайдалануын қатаң айыптап, Газаға гуманитарлық көмек жеткізу үшін халықаралық қысымды күшейтуге шақырды. Ол сондай-ақ Қатардың Мысырмен бірлесіп соғысты тоқтату және кепілге алынғандарды босату бағытында жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Әл Сани Қатардың Сирияны қалпына келтіру бастамаларын қолдайтынын, елдің егемендігіне қауіп төндіретін кез келген әрекетке қарсы екенін білдіріп, Сирияға қарсы санкцияларды алып тастауға үндеді.

ХАМАС пен Израиль арасындағы келіссөздер Қатар мен Мысырдың делдалдығымен жалғасуда. Әл Сани Қатардың АҚШ-тағы студенттік наразылықтарға қатысы бар деген айыптауларды жоққа шығарды және елдің ашық саясат ұстанатынын мәлімдеді.

Бұған дейін ХАМАС кепілге алынғандарды босатуға және бес жылға бітімге келуге дайын екенін жариялаған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу