Газа секторында гуманитарлық көмек тарату кезінде 50-ге жуық адам жарақат алды

130

Бұл туралы Газа денсаулық сақтау министрлігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.  

Газа секторында гуманитарлық көмек тарату кезінде 50-ге жуық адам жарақат алды Фото: РИА Новости

Газа секторында гуманитарлық көмекті тарату кезінде атыс шығып, бір палестиналық қаза тапты, тағы 48 адам жарақат алды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Оқыс оқиға сейсенбі күні Рафах қаласының маңында, жаңадан ашылған гуманитарлық көмек тарату пунктіне бет алған адамдарға Израиль әскері оқ атқанда болған. Associated Press агенттігінің дерегінше, оқ Израиль танктері мен артиллериясынан атылған. Жараланғандардың басым бөлігі – оқ жарақатын алғандар.

Аталған тарату орталығы Газа гуманитарлық қоры (GHF) бастамасымен құрылып, АҚШ пен Израиль қолдаған жаңа жүйе аясында жұмыс істей бастаған. Жүйенің мақсаты – гуманитарлық көмектің ХАМАС содырларының қолына түсуіне жол бермеу. Алайда БҰҰ мен бірқатар халықаралық ұйымдар бұл механизмді сынға алды. Олардың пікірінше, жаңа жүйе аймақта тұратын 2,3 миллион тұрғынның қажеттілігін өтей алмайды және гуманитарлық көмекті саяси қысым құралына айналдыру қаупі бар.

Қазіргі уақытта қор төрт орталық ашқан, оның екеуі жұмыс істеп тұр. Олар жеке күзетшілердің бақылауында, ал көмекке қол жеткізу әскери нысандарға ұқсас тар дәліздер арқылы жүзеге асырылады. Қор өкілдерінің айтуынша, күзетшілер атыс кезінде күш қолданбаған және аймақтан кетіп қалған.

Израиль бұл жүйені қауіпсіз әрі тиімді деп бағалағанымен, БҰҰ оның жұмысына қатысудан бас тартты. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі басқармасының өкілі Аджит Сунгай гуманитарлық көмекті бақылау халықаралық құқық талаптарына қайшы келетінін мәлімдеді.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, "біраз уақыт бақылаудан айырылғанын" мойындады. Ол сондай-ақ ХАМАС-пен қақтығыс жалғасып жатқанда, Газаның барлық тұрғындарын сектордың оңтүстігіндегі "қауіпсіз аймақтарға" көшіру ниетін тағы да қайталап айтты.

БҰҰ және басқа да гуманитарлық ұйымдар бұрынғы, тәуелсіз көмек тарату жүйесін қалпына келтіруді талап етіп отыр. Олардың айтуынша, дәл осы жүйе ғана қазіргі гуманитарлық дағдарыс кезінде палестиналықтарды тиімді әрі әділетті түрде қамтамасыз ете алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу