Газа секторында қаза тапқандар саны 50 886 адамға жетті

141

18 наурыздан бері Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдарынан 1522 палестиналық қаза тапты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Газа секторында қаза тапқандар саны 50 886 адамға жетті Фото: РБК

2023 жылдың 7 қазанынан бері жалғасып жатқан әскери әрекеттер нәтижесінде қаза тапқан палестиналықтардың жалпы саны 50 886 адамға, ал жараланғандар саны 115 875 адамға жетті, – деп мәлімдеді Газа секторындағы Палестина Денсаулық сақтау министрлігі.

Соңғы тәулікте ғана 40 адамның мәйіті мен 146 жаралы адам аймақтағы ауруханаларға жеткізілген.

19 қаңтарда күшіне енген атысты тоқтату туралы келісім бұзылғаннан бері қаза тапқандар саны – 1522, ал жаралылар – 3834 адамды құрап отыр.

Медициналық дағдарыс күшейіп барады

Палестина Денсаулық сақтау министрлігі Газа секторында гуманитарлық көмек пен дәрі-дәрмектердің тапшылығы шегіне жеткенін мәлімдеді. Израиль тарапының гуманитарлық жүк пен медициналық құралдарды өткізуге тосқауыл қоюы жағдайды одан әрі ушықтырып отыр.

— Медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмек қоры бұрын-соңды болмаған дәрежеде таусылды, — делінген министрліктің ресми мәлімдемесінде.

Бүгінде:

Қоймада маңызды дәрі-дәрмектердің 37%-ы жоқ;

Медициналық заттардың 59%-ы толықтай таусылған;

80 мыңға жуық қант диабетімен, 110 мыңға жуық гипертониямен ауыратын науқастар ем-домсыз қалып отыр;

Онкологиялық және қан ауруларын емдеуге арналған препараттардың 54%-ы енді қолжетімсіз.

Операциялық, жансақтау және шұғыл медициналық бөлімдер дәрі-дәрмектің жетіспеушілігіне қарамастан қызметін жалғастыруға тырысып жатыр.

Палестина билігі шекаралардың жабылуы денсаулық сақтау жүйесін толық күйреудің алдында тұрғанын айтып, әлемдік қауымдастықты шұғыл әрекет етуге шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу