Газада миллиондаған адам аштықтың алдында тұр

284

Газа секторында азық-түлік таусыла бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Газада миллиондаған адам аштықтың алдында тұр Фото: BBC

БҰҰ Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасы (БАБ) Рафах қаласының қоймаларындағы азық-түліктің түгесілуіне байланысты Газа секторының оңтүстігінде жағдай қиындауы мүмкін екенін айтуда.

Бұл туралы БАБ атқарушы директоры Карл Скау мәлім етті.

"Біз Рафахтағы операцияға дейін азық-түлік қорын жинап алған едік. Алайда ол қор таусылып жатыр және бізде қазір бұрынғыдай мүмкіндік жоқ", – деді ұйым өкілі.

Бұл ретте ол босқындар санының қобеюі жағдайды одан сайын қиындатқанын, 1 млн адамның тар кеңістікте тұрып жатқанын жеткізді.

Скаудың сөзінше, Газаның оңтүстігінде су мен кәріз жүйесіне байланысты жағдай мүлдем қиындап кетті.

Скау сонымен қатар гуманитарлық жүк алып бара жатқан БАБ көліктері Газаның шекара бекеттерінде кезек күтіп тұрып қалғанын айтты.

"Біз бақылау-өткізу бекеттерінде күніне 5-тен 8 сағатқа дейін тұрдық. Бұл әскери операция өтіп жатқан аудан және сапарымыз қауіпсіз болу үшін арнайы рұқсат керек", – деді.

БҰҰ мәліметтері бойынша шілденің ортасына таман Газадағы миллионнан астам адам аштыққа ұшырауы мүмкін.

Келіссөздер тығырыққа тірелді.

Израиль мен ХАМАС арасындағы келіссөздер де шешімін таба алмады. Вашингтон болса алдағы уақытта келіссөздерден нәтиже жоқ екенін айтады. Себебі АҚШ тарапынан жасалған жаһандық деңгейдегі ұсынысты тараптардың ешқайсысы да толық қолдамаған.

Соған қарамастан Италияда өтіп, қазіргі таңда әлемдік жанжалдарға қатысты мәселелер талқыланған G7 самитінде сөйлеген сөзінде АҚШ президенті Джо Байден жағдайдың реттелетінінен әлі де болса үмітті екенін айтқан.

Израиль Газа секторын бомбалап жатқан тұста ХАМАС атысты тоқтатып, Израиль әскерін палестина анклавынан әкету жөніндегі АҚШ-тың ұсынысына өзгеріс енгізуді ұсынды.

ХАМАС АҚШ-тың ұсыныстарын Израильдің орындайтынынан күмәмданады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу