Газада су тапшылығы: 2 миллионнан астам адамға қауіп төніп тұр

597

БҰҰ Палестиналық босқындарға көмек агенттігінің (UNRWA) комиссары генерал Филипп Лазарини осылай деп мәлімдеді.

Газада су тапшылығы: 2 миллионнан астам адамға қауіп төніп тұр Фото: Anadolu Agency

Біріккен Ұлттар Ұйымы Газа секторындағы судың азаюы салдарынан 2 миллионнан астам адамға қауіп төніп тұрғанын айтып дабыл қағуда, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Палестиналық босқындарға көмек агенттігінің (UNRWA) комиссары генерал Филипп Лазарини Израильдің 8 қазан күні қоршауға алған Газа секторындағы жағдайды баяндады.

Оның айтуынша, Израиль азық-түлік пен судан бөлек, электр және басқа да негізгі қызметтерді тоқтатуға шешім қабылдағаннан кейін мұндағы халықтың жағдайын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Газа секторында ауыз судың азаюы салдарынан қазір 2 миллионнан астам адамға қауіп төніп тұр.   

"Бір аптадан бері гуманитарлық көмектің Газаға жеткізілуіне рұқсат берілмеді. Бұл енді өмір мен өлім мәселесіне айналып отыр. 2 миллионнан астам адамды сумен қамтамасыз ету үшін алдымен Газаға отын жеткізілуі керек. Әйтпесе, адамдар, соның ішінде жас балалар, қарттар мен әйелдер қатты сусызданудан өле бастайды. Мен гуманитарлық көмек қоршауын тез арада алып тастауға шақырамын", - деді ол.

Сонымен қатар, БҰҰ өкілі Лазарини Газа секторындағы су нысандары мен қоғамдық су желілерінің жұмыс істемеуі салдарынан таза ауыз судың таусылып жатқанын және адамдардың құдықтардан алынған лас суды пайдалануға мәжбүр екенін жеткізді.

Осы орайда Палестина ішкі істер министрлігі де Газа секторындағы тұрғындардың таза ауыз суға қол жеткізе алмай отырғанын хабарлады.

"Израильдің тоқтаусыз шабуылдары салдарынан Газа секторында таза ауыз су бойынша ауыр дағдарыс орын алып отыр. Басқыншы күштер 10 күннен бері Газадағы бірде бір қалаға бір литр де таза ауыз су жібермей, халықты лас суды қолдануға мәжбүр етті", - делінген хабарламада.

Бұл азаматтардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу