Газада тамақ алуға бара жатқан 900-ге жуық адам көз жұмған

830

Мысыр пен Иорданияда гуманитарлық көмек тиелген 6 мың жүк көлігі тұр.

Газада тамақ алуға бара жатқан 900-ге жуық адам көз жұмған Фото: UN News

Соңғы апталарда Газа секторында азық-түлік іздеп жүріп, мерт болған тұрғындардың саны 900-ге жуықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты БҰҰ ресми сайтына сілтеме жасап.

Олардың дені Гуманитарлық көмек қоры (GHF) басқаратын жеке көмек тарату орталықтарының маңайында көз жұмған. Бұл туралы сейсенбі күні БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы мәлімдеді.

"13 шілдедегі жағдай бойынша азық-түлікке жетуге тырысқан 875 адамның қаза болғаны тіркелді. Олардың 674-і атып өлтірілген", – деді басқарманың баспасөз хатшысы Тамин әл-Хитан.

Тағы 201 адам гуманитарлық көмек жеткізу бағыттарының бойында азық-түлік алуға тырысқан кезде көз жұмған. 

АҚШ пен Израиль қолдайтын көмек көрсету орталықтарының маңындағы кісі өлімдері 27 мамырда тіркелді. Бұл орталықтар сол уақыттан бастап Газа секторының оңтүстігінде жұмысын бастаған болатын.

Соңғы оқиға дүйсенбі күні таңертең болды. Израиль әскері Аш-Шакуш ауданында тамақ алуға келген палестиналықтарға оқ атты. Оқиға салдарынан екі палестиналық қаза тауып, кемінде 9 адам жарақат алған. Зардап шеккендердің кейбірі Рафахтағы Халықаралық Қызыл Ай комитетінің ауруханасына жеткізілген.

Палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ агенттігі бейбіт тұрғындардың қазасына байланысты алаңдаушылығын жасырмады.

"Біздің аймақтағы командалар шабуылдардан аман қалған адамдармен, соның ішінде аштықтан азып-тозған, тамақ алуға бара жатып оққа ұшқан балалармен тілдесті", – деді агенттіктің коммуникациялар жөніндегі директоры Жульет Тума.

Оның айтуынша, агенттікке Газаға гуманитарлық көмек жеткізуге тыйым салынғанына төрт айдан асқан. Қазір Мысыр пен Иорданияда көмек тиелген 6 мың жүк көлігі тұр. Иордания мен Газаның арасы үш сағаттық жол екені де айтылды.

Жульет Туманың сөзінше, таяуда аталған жүк көліктеріндегі дәрі-дәрмек пен азық-түліктің жарамдылық мерзімі аяқталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу