Газадан шығарылған науқастар Түркияға жеткізілді

544

Енді олар жергілікті дәрігерлердің бақылауында болады. 

Газадан шығарылған науқастар Түркияға жеткізілді Фото: Haber

Түркияның денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожаның айтуынша, Рафах шекара қақпасынан 27 науқас пен 13 күтуші өтіп, олар мінген ұшақ Түркия уақытымен түнгі сағат 12-ден кете Анкара әуежайына қонды.

Осыдан шамамен қырық күн бұрын басталған Израиль-Палестина қақтығысы тоқтар емес. Ауруханалардың молаға айналып бара жатқанын әлемдік БАҚ жарыса жазуда. Осы орайда алғашқы күннен-ақ шабуылды тоқтатуға шақырған Түркия Газада емдеу мүмкіндігінен мүлдем айрылған науқастарды елге жеткізудің қамына кірісті.

Осылайша, халықаралық денсаулық сақтау дипломатиясы мен үздіксіз жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Президенттік және Ұлттық Қорғаныс министрлігіне тиесілі ұшақтармен 27 науқас пен 13 күтуші бүгін түнде Түркияға әкелінді. Енді олар бас қаладағы ауруханалардың біріне жатқызылып, жергілікті дәрігерлердің қарауында болмақ.

Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожаның мәлімдеуінше, Түркия осы уақытқа дейін Газаға 10 ұшақ және 1 кемемен 660 тоннаға жуық дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдықтар мен құрылғылар, 20 жедел жәрдем және 8 далалық аурухана жіберген.

"Қазір Газада онкологиялық аурумен ауырып жатқан 1000-ға жуық науқас бар. Сондықтан осы кезеңде қарым-қатынасты күшейтіп, Газадан Түркияға мүмкіндігінше көп науқас әкелуге тырысуымыз керек. Біз мұны жүзеге асыра аламыз 
деген үміттемін", - деді министр әуежайда журналистерге берген сұхбатында.

Сонымен қатар, шала туған нәрестелерді де Түркияға әкелу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді.
Айта кетейік, науқастар Мысыр арқылы басқа елдерге жіберілген жоқ. Тек Түркияға жеткізілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу