Газбен жұмыс істейтін жаңа ЖЭО-2 құрылысы биыл басталады

554

Бұл туралы бүгін "Самұрық-Қазына" қоры Қоғамдық кеңесінің отырысында айтылды.

Газбен жұмыс істейтін жаңа ЖЭО-2 құрылысы биыл басталады Фото: kursiv.media

Алматының газбен жұмыс істейтін жаңа екінші жылу электр орталығының құрылысын салатын компания келесі айда белгілі болады. Бұл туралы бүгін "Самұрық-Қазына" қоры Қоғамдық кеңесінің отырысында айтылды. Жауаптылар сөзінше, қаржылай қолдау көрсететін банк те белгілі екен. Сонымен, жылу стансаның құрылысы қашан басталады? Орталық газбен жұмыс істегенде тариф қаншалықты қымбаттайды? 

Алматының бас ауруына айналған газбен жұмыс істейтін екінші жылу электр орталығының құрылысы ақыры басталатын болды. Жауаптылар сөзінше, тіпті халықаралық тендер де өткізілген. Бірінші кезеңге 6 компания өтініш түсірген. Екінші кезеңге оның 2-уі өткен. Айтпақшы, ол екеуі де қытайлық компания. Оның қайсысы жеңетіні келесі айға дейін белгілі болады. 

Жаңадан салынатын орталыққа кететін қаражат көлемі де әлі белгісіз. Белгілісі, бұған дейін 320 миллиард теңгеден астам қаражат кетеді деген ақпарат айтылған. Жауаптылар ол қаражат аз болуы мүмкін дейді.  

“Техникалық экономикалық негіздеме бойынша жобаға кететін қаражат 324 милилард теңге болатын. Ол негіздеме мемлекеттік сараптаманың оң бағасын 2021 жылы алды. Өздеріңіз білесіздер, осы уақыт аралығында баға өсті. Инфляция біздің елге ғана емес, Еуропаға да әсер етті. Сондықтан біздің тараптан шекті баға белгіленген жоқ. Тендердің негізгі талабы бағаны түсіру. Кім аз баға айтады сол жеңеді”, - дейді "АлЭС" АҚ басқарушы директоры Дәурен Сағидолла.

Хош, ол қаражат Еуропа Қайта құру және Даму банкінен алынды делік. Әр тиынның қайтарымы тағы бар. Ол тарифке қалай әсер етеді? Көпшілікті мазалаған басты сұрақтардың бірі осы. Оған да мардымды жауап ала алмадық. Бір белгілісі жылу мен электр бағасы жыл сайын қымбаттай береді. Оны жауаптылар саладағы қызметкерлердің жалақысын өсірумен және жөндеу жұмыстарына кететін шығындармен байланыстырды.  

“Тариф 100 теңге болатын деген ақпарат жиі айтылып жүр. Жоқ ондай болмайды. Алматы стансаларында қазір 11 теңге 19 тиын. Егер өзгеріс болатын болса, ол 20-25 пайыз төңіргенде ғана болады. Толықтай газбен жұмыс істейтін екінші жылу электр орталығы қосылған уақытта, яғни 2027 жылы Алматыдағы электр стансаларында 18 теңге төңірегінде болады деп ойлаймыз. Оның өзі, бірден емес, бірте-бірте көтеріледі”, - деп түсіндірді "Самұрық-Энерго" АҚ Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұлов.

Құрылысы биыл басталатын су жаңа жылу станса толықтай 2027 жылы аяқталады. Ал, қазіргі ескірген орталық ізір бұзылмайды дейді энергетиктер.       

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу