Айыпталушы "Қарасу" шағынауданындағы пәтеріне "Газ және газбен жабдықтау туралы" заң талаптарына қайшы келіп, қауіпсіздік нормаларын бұза отырып, газ су жылытқыш орнатқан, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Соған қарамастан, 2024 жылдың тамыз айында үй иесі пәтерін Үндістаннан келген 5 студентке жалға берген.
1 ай өткен соң 2024 жылдың қыркүйегінде, жалға алушылардың екеуі, 21 және 22 жастағы студенттер, істен шыққан жылытқышты қосқан кезде көмірқышқыл газынан уланып, қайтыс болған.
Тергеу барысында пәтер иесінің қауіпсіздік талаптарының бұзылғанын білген, бірақ соған қарамастан жабдықты пайдалануға рұқсат еткені анықталды.
Сотта ол кінәсін мойындап, жазасын жеңілдетуді сұрады.
Прокурор оған 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын шартты түрде өтеуді сұрады.
Сот әйелдің кінәсін мойындағанын, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отырғанын және зейнет жасына жеткенін ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Нәтижесінде сот оны Қылмыстық кодекстің 306-бабының 3-бөлігі бойынша, яғни қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсетіп, абайсызда екі адамның өліміне себеп болғаны үшін кінәлі деп таныды.
Айыпталушыға төрт жыл шартты жаза тағайындалды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.