Қарағанды облысында "Сары-Арқа" магистральды газ құбырын салу шеңберінде үш ірі қала – Қарағанды, Жезқазған және Теміртауда газдандыру жобалары әзірленуде. Өңірде барлығы 120 елдімекенді газдандыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
"Облыс әкімдігінің тапсырмасы бойынша біз Жезқазған, Қарағанды және Теміртау бойынша үш үлкен жобаны әзірлейміз. Тек осы қалалар бойынша ғана 1500 шақырымға жуық құбыр салынады. Газдандыру бойынша 10 кезек пен 35 іске қосу кешені жоспарлануда. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Құбырларды сатып алуға келісім-шарт бойынша жеткізу іске асырылуда", – деп мәлімдеді "КАТЭК" ЖШС бас директоры Құндыз Нүпов облыс әкімдігінде өткен кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комиссия отырысында.
Облыстық энергетика басқармасының ақпараты бойынша, қалаларды газдандыру схемалары келісілді. Қарағандыда бірінші кезекте Михайловка ауданының жеке секторын газдандыру жоспарлануда – ол 13 көше, 1900-ге жуық үй. Теміртауда газдандыру Сарыарқа көшесінен (бұрынғы Степан Разина), Жезқазғанда – Пристанционный көшесі және Талап кентінен басталады.
"Газ ең алдымен халық үшін пайдалы. Екіншіден, шағын және орта бизнес үшін пайдалы, жобаға жергілікті өндірушілер қатыса алады. Және қазірдің өзінде жақсы мысалдар да бар. "Бёмер" қарағандылық кәсіпорны бекіткіш арматураны жеткізуге үлкен келісім-шарт жасады. "Сарыарқа" ЕЭА аумағында газ жабдықтарын – аспаптар мен есептегіштерді өндіру бойынша инвестициялық жобаны іске асыратын жаңа қатысушы тіркелді. Бірақ біз осымен шектелік қалпай, одан әрі жылжуымыз керек", – деді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов.
Қарағанды кәсіпкерлері жобаға құрылыс кезеңінде де, өңірді газдандыру процесінде де қатысуға дайын екендіктерін мәлімдеді. Олардың айтуынша, жергілікті жерде газ қазандары, плиталар, есептеуіштер және басқа да жабдықтар өндірісін ұйымдастыруға болады. Бұл өз кезегінде өңірге қосымша инвестициялар, жаңа жұмыс орындарын, салықтық түсімдерін береді.