Газетке жазылуға мәжбүрлеген әдіскер 30 АЕК айыппұл арқалады

829

Министр педагог шағымын жерде қалдырған жоқ. 

Газетке жазылуға мәжбүрлеген әдіскер 30 АЕК айыппұл  арқалады

Facebook арқылы балабақша әдіскерінің үстінен шағымданған Ақмарал Бүрлібаеваның шағымына Білім және ғылым министрі Асхат Аймағабетов құлақ асыпты. Түркістан облысының Түлкібас ауданына қарасты Састөбе ауылының "Қарлығаш" балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс істейтін педагог әлеуметтік желі арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен  министр Асхат Аймағамбетовке мерзімді баспасөзге жазылу мәжбүрлеу принциіпмен жүргізіліп жатқанын мәлімдеген болатын. Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі осы оқиғаның әрі қарай қалай өрбігені туралы ресми ақпарат таратты. Ведомствоның дерегіне сенсек, баспасөзге жазылу науқанында еріктілік принципін аяқасты еткен әдіскерге айыппұл салыныпты. 

"Балабақша әдіскеріне қатысты ҚР ӘҚБТК 409-бабының 7-3 т. және 409-бабының 7-6 т. бойынша газеттерге жазылуға мәжбүрлеу және педагогикалық әдептің сақталмауы туралы екі әкімшілік іс қозғалды. Осыған байланысты ҚР заңнамасымен бекітілген талаптарға сәйкес ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілік қолданылды және 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Бұл алдын ала қараудың қорытындысы", — дейді Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Осы оқиғаға байланысты министрлік педагогтердің газеттер мен журналдарға жазылуы ерікті түрде іске асу тиістігін, мәжбүрлеуге тыйым салынғанын мәлімдейді.

Ондай жағдайға тап болған педагогтер Өңірлік білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттеріне жүгінуі керек.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу