Гематома мен денесі көгерген: Германияда жоғалып кеткен әйелдің ағасы жағдай туралы айтты

1165

Айгүл Сайлыбаеваның ағасы оған күйеуі мен енесі зорлық көрсеткен болуы мүмкін деп күдіктеніп отыр.  

Гематома мен денесі көгерген: Германияда жоғалып кеткен әйелдің ағасы жағдай туралы айтты Фото: бейнеден скриншот

Германияда жоғалып кеткен қазақстандық әйелдің туыстары тезірек виза алып, оны іздеуге шығуға тырысып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап.

Айгүл Сайлыбаеваның ағасы қарындасы оларға зорлық-зомбылық фактілері туралы айтпаса да, достары бұл туралы болжағанын түсіндірді.

“Қарындасым жоғалып кеткеннен кейін мен оның құрбыларымен тілдесіп, қарындасымның қалай қиналғанын, күйеуі оған түрлі физикалық және психологиялық қысым көрсеткенін естідім. Күйеуінің туыстары, әсіресе енесі күн бермеген көрінеді. Гематомалары, соққы алып, денесі көгерген, сырылған, құлақтары ісінген фотолары бар. Кейінгі айда ол видеоқоңырауға шықпады”, – деді Айгүл Сайлыбаеваның ағасы Қанат Сайлыбаев.

Айгүл Сайлыбаева 2020 жылы күйеуімен бірге Қазақстаннан кеткен. Олар әртүрлі елдерде тұрған, соңғысы – Германияның Бенсхайм қаласы. Әйелдің күйеуі құқық қорғау органдарына олардың нақты тұрғылықты мекенжайын айтқысы келмеген екен. Осыған байланысты жоғалғанын үш күн болғаннан кейін ғана пәтерді тінтіген.

Айгүл Сайлыбаева туыстарына соңғы рет 3 маусымда хабарласқан. Бірақ қазақстандық дипломаттар әйелдің жоғалғанын 5 маусымда оның туыстары бас консулдыққа хабарласқанда ғана білді.

“Жергілікті полиция қызметкерлерімен әңгімелесіп, олар мұқият іздейтіндерін айтты. Соған қарамастан Берлиндегі бас консулдығымыз бен елшілігіміз бұл мәселені ерекше бақылауда ұстау үшін Германияның сыртқы істер министрлігіне тиісті үндеу жолдады. Қазір неміс тарапымен бірлесе отырып, Қазақстандағы туыстарына виза алу мәселесін пысықтап жатырмыз”, – деп мәлімдеді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу