Геннадий Шиповских: Тіл туралы жаңа бапта жазалау тетіктері мүлде қарастырылмаған

1324

Нұрлан Нығматулин депутаттың ескертуін қолдады.

Геннадий Шиповских: Тіл туралы жаңа бапта жазалау тетіктері мүлде қарастырылмаған

Мәжіліс депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  жобасын бірінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Inbusiness.kz. 

Депутаттар алдында құжатты Мәдениет, спорт және туризм министрі Ақтоты Райымқұлова таныстырды.

Оның айтуынша, Заң жобасы деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазу, деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің тең түпнұсқалы аудармасын сақтап отырып жазу, мәтіннің  тең түспнұсқалы аудармасы деген ұғым енгізу сияқты 3 негізгі бағыттан тұрады.

"Мемлекеттік тілде көрнекі ақпараттың болмауын азаматтар ҚР Конституциясының 14-бабында белгіленген өз құқықтарына қысым жасау деп санайды", - деген министр көрнекі ақпаратқа қатысты заңбұзушылықтар бойынша  мемлекеттік органдарға 2018 жылы 12 886 өтініш, 2019 жылы 12 900 өтініш келіп түскенін айтты. Ал 2020 жылы жедел желілерге  3442 шағым түскен көрінеді.

Жаңа заң жобасы 13 бірдей заңға түзетулер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Олар: Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс, ҚР Тіл туралы заңға, Көлік туралы заң, Темір жол көлігі туралы заң, Автомобиль көлігі туралы заң, Жарнама туралы заң, Сауда қызметін реттеу туралы заң, Тамақ  өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заң, Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі туралы заң, Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы заң, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң, Пошта туралы және Кинемотарграфия туралы заңдар.

Депутат Геннадий Шиповских министр ұсынған заң жобасының жауаптылық жағы солғын екенін сынады.

"Заң жобасында көрнекі ақпаратты ресімдеу кезінде орфографиялық нормалар мен аударманың тең түпнұсқалығын сақтау бөлігінде талап енгізілді. Осы қосымша талап бұзылған кезде әкімшілік жауаптылық мүлдем көрсетілмеген. Сонда ұсынылып отырған жаңашылдық іс жүзінде қалай орындалады", - деді Мәжіліс өкілі.

Депутаттың бұл уәжін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин де қолдады.

"Менің білетінім, қазір осы жұмыс тобы әкімшілік жазалау шараларын қарастыру туралы ұсыныстарын берді. Енді Үкімет қорытынды дайындайды. Соның бәрін ескеріп, екінші оқылымға дейін дұрыс және тиісті шешім қабылдауымыз керек. Сондықтан заң жобасын Үкіметтен алғаннан кейін депутаттардың ұсыныстарын екінші оқылымның алдында жұмыс тобында қарастыратын болармыз", - деді ол.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу