Тараптар геологиялық барлау, мұнай тасымалдау және өндіріске инновациялық технологияларды енгізу бағыттарындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бүгінде компаниялар арасында қол қойылған құпиялылық туралы келісім аясында ExxonMobil Қазақстандағы перспективті геологиялық барлау учаскелерін егжей-тегжейлі зерттеп жатыр.
– Барлау және өндіру саласында жер қойнауы учаскелерінің әлеуетін анықтау үшін терең сараптама жүргізу аса маңызды. Ресурстық базаны толықтыру стратегиясы аясында ҚМГ ExxonMobil-ді еліміздегі жобаларды іске асыруда сенімді серіктес ретінде қарастырады. Қазіргі уақытта компаниялар барлық негізгі бағыт бойынша нәтижелі жұмыс атқарып келеді. Өзара тиімді ынтымақтастық алдағы уақытта одан әрі нығая түсетініне сенімдімін, – деді Асхат Хасенов.
Сонымен қатар, тараптар Қазақстан мұнайын тасымалдаудың қосымша экспорттық бағыттарын дамыту жөніндегі мәселелерді сөз етті.
Бұдан бөлек, кездесуде ҚМГ мен ExxonMobil арасында 2025 жылы қол қойылған Мұнай-газ секторында жаңа технологиялар бағытындағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асырудың алдағы жоспарлары қаралды.