Жаһандық экономикада соңғы уақытта мұнай мен валюта нарығындағы өзгерістер күн тәртібінен түспей келеді. Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістер, энергетикалық инфрақұрылымға жасалып жатқан шабуылдар қара алтын нарығындағы жағдайға тікелей әсер етіп жатыр. Бұл үдерістің өз кезегінде әлемдік валюта нарығына, соның ішінде доллардың бағамына ықпалы бар. Себебі аталмыш факторлар көптеген мемлекеттік экономикалық саясатына, инфляция деңгейіне және халықтың тұрмысына тікелей әсер етуі ықтимал, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазіргі таңда Таяу Шығыстағы шиеленістердің әрі қарай қалай өрбитіні белгісіз. Бірақ дәл қазіргі сәтте Қытай мен Үндістанның экономикалық дамуына, өсу қарқынына үлкен тәуекел болып отыр. Екеуі де ең үлкен экономикалардың бірі. Қытай мен Үндістанның экономикалық өсімі немесе тоқырауы бүкіләлемдік экономикалық өсімге әсер етеді. Сондықтан жалпы ондай соғыстар логистикалық каналдардың жанында тұрған Ормуз бұғазы сияқты әлемдік экономиканың баяулауына алып келуі мүмкін. Егер біз стагнацияны көретін болсақ, онда мұнайға деген сұраныс болашақта азаюы керек. Қазір мұнай бағасы тәуекел менеджментінің артып кетуіне қатысты және физикалық жеткізілімдердің Ормуз бұғазы арқылы жүрмей қалуына байланысты өсіп кетті. Бұл – құбылмалы процесс", – деді экономист Айбар Олжай.
Сарапшының пікірінше, қақтығыс аяқталды деп айтылса, қара алтын бағасы да түседі. Осылайша өзінің фундаменталды баррелі үшін 70 долларға жақындайды. Жалпы бұл әлемдік экономиканы баяулатса, онда мұнайға деген сұраныс түсетін болады да, мұнайдың бағасы тағы құлдырайды. Біз оны пандемияда көрген болатынбыз, деп атап өтті ол.
"Пандемияда әлемдік экономика "стопқа" қойылды. Фьючерстер кейде тіпті нөл доллардан төмен түсіп кетті, теріс мәнді көрсетті. Ұзақмерзімді перспективада әсері өте жағымсыз. Бізге Қытай мен Үндістан экономикасының өскені керек. Себебі кейде экспорттық негізгі алаңдарымыз осы елдер. Мұнай бағасы құбылып тұр. Бұл өте көп нарықтарда алаңдаушылық туғызады. Бірінші тоқсанның ортақ бағалары кішкене өсім алады. Екінші тоқсан қалай болатынын білмейміз", – деді Айбар Олжай.
Сала маманының сөзінше, былтыр мұнайдың жылдағы орташа бағасы шамамен 65 доллар болса, биыл 70-80 доллардың айналасында болуы мүмкін.
"Бір қарағанда бұл бізге кішкене жақсы болуы тиіс. Ұлттық қорға мұнайдан түсетін түсім 10-12 пайызға артар. Алайда оның барлығы көп елдің мұнайды көбірек өндіре бастауына және ұсыныстың қатты көбейіп кетуіне, болашақта сұраныстың қысқаруына әкелуі мүмкін. Сондықтан әрине қара алтын бағасының қатты құбылмай, бір орында дамығаны дұрыс еді. Осындай шиеленіс кезінде долларға қиын болады. Себебі әлемдегі инвесторлар долларға емес, алтынға кете бастайды. Алтынның позициясы күшейе бастаса, доллардікі әлсірейді. Екіншіден, Қытайдың долларға қатысты қандай саясаты бар екенін түсіну керек. Юаньға өзінің контрагенттерін ауыстыра бастаса, онда доллар ақырындап әлсіреу бастауы мүмкін. Бірінші жарты жылдықты күтейік", – деді спикер.
Экономист әлемдегі қақтығыстардың инфляцияға теріс әсер ететінін де жеткізді.
"Егер Ормуз бұғазы жабылса, мұнай 20 пайыз тоқтап қалса, мұнай қымбаттайды. Одан кейін әлемде орташа инфляция өседі. Инфляция өте инертті нәрсе. Әлемде инфляциялық процесс ушығып кетсе, онымен күресу үшін кемінде 7-8 жыл керек болады", – деді Айбар Олжай.
Жалпы алғанда Таяу Шығыстағы жағдай әлем елдерін мұнай өңдеудің стратегиялық маңызын қайта бағалауға мәжбүр етуі мүмкін.