Германия АҚШ-қа ескерту жасады

125

Германия канцлері Фридрих Мерц Трамп әкімшілігінің сауда тарифтері жөніндегі шешіміне жауап ретінде Еуропалық одақтың қатаң шара қолдануға дайын екенін мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.

Германия АҚШ-қа ескерту жасады Фото: ria.ru

Мерцтің айтуынша, АҚШ тарапы "шектен тыс жоғары" тарифтер енгізу арқылы сауда соғысын шиеленістірсе, Еуроодақ мұндай әрекетке айна-қатесіз жауап қайтарады.

– АҚШ үкіметі біздің қарсы әрекетке дайын екенімізді елемеуге болмайтынын ұмытпауы тиіс. Біз мұндай жағдайға толық дайынбыз, – деді Мерц. – Дегенмен, келіссөздер арқылы мәселені шешу мүмкіндігіне үміт артамыз, – деп қосты ол.

Мерц қазіргі уақытта АҚШ Президенті Дональд Трамппен және Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйенмен тығыз байланыста екенін атап өтті.

– Біздің басты мақсатымыз – АҚШ-пен сауда қарым-қатынастарын жеңілдетіп, тарифтерді қайта төмендететін ортақ шешімге келу. Бұл үшін біздің қолымызда шілде айының соңына дейін уақыт бар, – деді ол.

Сонымен қатар, канцлер соңғы күндері Еуроодақтың Трамптың 12 шілдеде жасаған мәлімдемесіне бірден жауап ретінде қарсы шаралар енгізуіне жол бермей, жағдайды тұрақты келіссөздермен шешуге тырысқанын айтты.

– Әйтпесе, жауаптық тарифтер автоматты түрде кеше-ақ күшіне енер еді, – деп түйіндеді Германия үкіметінің басшысы.

Еуроодақ қазіргі таңда америкалық ұшақтар мен автокөліктерге қосымша салықтар енгізу мүмкіндігін қарастырып отыр.

Бұл – егер тараптар келісімге келе алмаса, Еуропаның қандай да бір әрекетсіз қалмайтынын көрсететін айқын белгі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу